Астанада айып тұрағы ақылы болуы мүмкін: эвакуация мен сақтау тарифтері талқыланып жатыр

Астанада айып тұрағының ақылы болуы мүмкін. Бұл жаңа ережелермен байланысты: енді қаладағы тұрақтар мен айып тұрағының қалай жұмыс істейтінін мәслихаттар өздері шешеді. Мәслихаттар көлікті сақтағаны үшін төлем мөлшерін де белгілей алады.
Жоба және ұсынылып отырған тарифтер Ақылы тұрақтар мен айып тұрағы жобасымен "Астана қаласының жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы" ЖШС айналысып жатыр. Компания толықтай мемлекетке тиесілі.
Эвакуация құнын 6 АЕК деңгейінде белгілеу ұсынылған — бұл 2026 жылы 29 950 теңге.
Айып тұрағында көлікті сақтау тарифін дифференцированды ету жоспарланып отыр:

- эвакуация сәтінен бастап 3 сағатқа дейін — тегін;
- алғашқы тәулік — 1,5-тен 5 АЕК-ке дейін (шамамен 2026 жылы 6 487–21 625 теңге);
- одан кейін құны 2–7 АЕК-ке дейін өсуі мүмкін (2026 жылы 8 650–30 275 теңге).
Көлікті қалай және не үшін эвакуациялайды Әзірленген ережелерге сәйкес, жүргізуші тұрақ ережесін бұзып, өзі орнында болмаса, көлік айып тұрағына әкетілуі мүмкін. Сондай-ақ қараусыз қалдырылған, иесін табу мүмкін болмаған көлікке де осы тәртіп қолданылады.
Эвакуациямен Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы айналысады және қызмет ақылы. Құнын қала мәслихаты белгілейді (қазіргі таңда прайс қарастырылып жатыр).
Эвакуацияға негіз — бұзушылықты тіркейтін қызметкердің ресми актісі. Ол электронды түрде де рәсімделуі мүмкін.
Эвакуация алдында көлік тексеріліп, акт жасалады: барлық зақымдар (сызат, майысу және т.б.) жазылады, ал процесс фото және видеоға түсіріледі. Бұл материалдар кемінде 3 ай сақталады және қажет болған жағдайда қарауға болады.
Маңызды: көліктің ішінде адамдар немесе жануарлар болса, оны эвакуациялауға болмайды. Егер оларға қауіп төнсе, шұғыл қызметтер шақырылады.
Егер жүргізуші эвакуация басталғанға дейін қайтып келіп, бұзушылықты жойса — көлік әкетілмейді. Ал эвакуация басталып кетсе, оның құнын төлеуге тура келеді. Эвакуациядан кейін иесіне көліктің қайда әкетілгені, сақтау құны және көлікті қалай алып кетуге болатыны хабарланады.
Эвакуацияланған көлік қалай сақталады Көлік айып тұрағына мына жағдайларда жеткізіледі: ол тасталған, бүлінген, иесі жоқ, құқық бұзушылықта пайдаланылған немесе жүргізушісіз дұрыс қойылмаған болса. Дұрыс қойылмаған көліктер қылмыстарға немесе басқа құқық бұзушылықтарға қатысы бар көліктерден бөлек сақталады.
Көлік жеткізілген кезде қайта тексерілуі тиіс. Бұрын болмаған жаңа зақымдар анықталса, олар тіркеледі. Көлік айып тұрағына түскен сәттен бастап оған тұрақ әкімшілігі жауап береді.
Сақтау ақылы. Алайда ереже жобасында:
- төлем эвакуациядан кейін 3 сағат өткен соң ғана есептеле бастайды;
- эвакуация заңсыз деп танылса — ақша қайтарылады;
- иесі 30 күннен артық төлем жасамаса, қарыз сот арқылы өндіріліп алынуы мүмкін.
Айып тұрағында тек көліктер ғана емес, мотоциклдер және іс бойынша өтетін немесе қамауға алынған техника да сақталуы мүмкін. Көлікті алып кету үшін:
- бұзушылықты жою;
- эвакуация мен сақтауды төлеу;
- көлікті ұстаған органнан рұқсат алу қажет.
Қайтару кезінде акт жасалып, көлік қайта тексеріледі, оның жай-күйі фото және видеоға түсіріледі, содан кейін иесіне беріледі.
Айта кетейік, бұл әзірге тек талқылау кезеңінде — мәслихат өзгерістерді әлі бекіткен жоқ. Сомалар мен ережелер процес барысында өзгеруі мүмкін.
Ақылы айып тұрағы бұрын да талқыланған 2018 жылы Астана әкімдігінде айып тұрағын олардың шамадан тыс толуына байланысты ақылы ету ұсынылған. Ол кезде көліктер коммуналдық тұрақтарда бюджет есебінен сақталып, олардың күтіміне жыл сайын ондаған миллион теңге бөлінген.
Әкімдікте сақтау ақылы болса, иелері көліктерін тезірек алып кетіп, толып кету мәселесі шешіледі деп түсіндірген. Бұл идеяны сол кезде қаланың қоғамдық кеңесі қолдаған.
Алайда ол жүзеге аспаған.
Контекст Өткен жылдың жазында Парламент Алматы мен Астана мәслихаттарына жол қозғалысы саласында көбірек өкілеттік беретін заң қабылдады. Күзде оған Президент қол қойды, заң қазірдің өзінде қолданыста.
Енді жергілікті билік ЖҚЕ-де жоқ қосымша ережелерді өздері белгілей алады. Соның ішінде ақылы тұрақтар мен айып тұрағының жұмысын реттеу де бар. Бұл мәслихаттардың эвакуация мен айып тұрағында сақтаудың тарифтерін өздері анықтай алатынын білдіреді.
Бұған дейін айып тұрағынан көлігін алып кету үшін астаналыққа 220 миллион теңге төлеуге тура келетіні туралы да жазылған: патрульдік полиция қызметкерлері компанияға тіркелген TANK жол талғамайтын көлігін тоқтатқан, ал компания иесінің 220 миллион теңге қарызы болған. Көлік айып тұрағына жіберілген.


