Астанада 23 сәуірден бастап көлікті эвакуациялау және айыптұрақта сақтау ақылы болады

Астанада 23 сәуірден бастап жүргізушілер дұрыс емес тұрақ үшін айыппұлмен қатар, көлікті эвакуациялау және оны айыптұрақта сақтау құнын да төлейтін болады. Тиісті тарифтерді бүгін мәслихат депутаттары бекітті.
Тарифтер қандай болады
Көлік басқармасының басшысы Асхат Карагойшиннің айтуынша, жаңа ережелер 23 сәуірден бастап күшіне енеді. Атап айтқанда, көлікті эвакуациялау құны 3 АЕК болады — 2026 жылы 12 975 теңге. Бұл жұмысты Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы атқарады.
Одан кейін айыптұрақта сақтау төлемі алынады (бұған дейін сақтау тегін болған). Сома көлік түрі мен сақтау мерзіміне байланысты:
- Мотоциклдер үшін: бірінші күн — 1 АЕК (4 325 теңге), кейін — 2 АЕК (8 650 теңге);
- Квадроциклдер үшін: бірінші күн — 1,5 АЕК (6 487 теңге), кейін — 3 АЕК (12 975 теңге);
- Жеңіл автокөліктер үшін: бірінші күн — 3 АЕК (12 975 теңге), кейін — 5 АЕК (21 625 теңге);
- 3,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері үшін: бірінші күн — 5 АЕК (21 625 теңге), кейін — 7 АЕК (30 275 теңге);
- 0,75 тоннаға дейінгі тіркемелер үшін: бірінші күн — 2 АЕК (8 650 теңге), кейін — 4 АЕК (17 300 теңге);
- 3,5 тоннаға дейінгі тіркемелер үшін: бірінші күн — 5 АЕК (21 625 теңге), кейін — 7 АЕК (30 275 теңге).
Асхат Карагойшиннің сөзінше, көлік неғұрлым ірі болса, тариф те соғұрлым жоғары болады.
Ол бұл ережелерді қабылдау «көліктерді эвакуациялау саласында ашықтықты қамтамасыз етуге» бағытталғанын айтты.
Ақылы айыптұрақ мәселесі бұрын да талқыланған
2018 жылы Астана әкімдігінде айыптұрақтарды олардың шамадан тыс толуына байланысты ақылы ету ұсынылған. Ол кезде көліктер коммуналдық тұрақтарда бюджет есебінен сақталған: жыл сайын оларды ұстауға ондаған миллион теңге бөлінген.
Әкімдікте сақтау ақылы болса, көлік иелері машиналарын тезірек алып кетіп, толып кету мәселесі шешіледі деп түсіндірген. Бұл идеяны қаланың қоғамдық кеңесі қолдағанымен, ол кезде жүзеге аспаған.
Контекст
Өткен жылдың жазында Парламент Алматы мен Астана мәслихаттарына жол қозғалысы саласында көбірек өкілеттік беретін заң қабылдады. Күзде заңға Президент қол қойып, ол қазір қолданыста.
Енді жергілікті билік өкілдері Жол қозғалысы ережелерінде (ЖҚЕ) жоқ қосымша талаптарды өздері белгілей алады. Соның ішінде ақылы тұрақтар мен айыптұрақтардың жұмысын реттеу құқығы бар. Бұл мәслихаттар эвакуация мен айыптұрақта сақтау құнына қатысты тарифтерді өздері анықтай алатынын білдіреді.
Бұған дейін Астанада бір азаматтың айыптұрақтан көлігін алып шығу үшін 220 миллион теңге төлеуі мүмкін екені туралы жазылған. Патрульдік полиция қызметкерлері компанияға тіркелген TANK жол талғамайтын көлігін тоқтатқан, ал компания иесінің 220 миллион теңге көлемінде берешегі болған. Көлік айыптұраққа жіберілген.


