Пәкістан Ауғанстанға соққыларды Ораза айт қарсаңында уақытша тоқтататынын мәлімдеді

Пәкістан сәрсенбі күні Ауғанстанға соққыларды тоқтата тұратынын мәлімдеп, бұл шешім мұсылман мерекесі Ид әл-Фитр (Ораза айт) қарсаңында Сауд Арабиясы, Катар және Түркияның өтініші бойынша қабылданғанын айтты.
Пәкістанның ақпарат министрі Аттаулла Тарардың сөзінше, ел билігі ауған талибтеріне қарсы жүргізіліп жатқан «Газаб лиль-Хак» операциясын мерекеге байланысты және «бауырлас ислам елдерінің өтінішімен» «уақытша тоқтату» туралы шешім қабылдаған.
Тарардың айтуынша, үзіліс «18 наурыздан 19 наурызға қараған түнгі 00:00-ден 23 наурыздан 24 наурызға қараған түнгі 00:00-ге дейін» күшінде болады.
Ол Х желісінде: «Пәкістан бұл қадамды ізгі ниетпен және ислам нормаларына сай жасап отыр. Алайда кез келген трансшекаралық шабуыл, дрон арқылы жасалған соққы немесе Пәкістан аумағындағы кез келген террористік акт болған жағдайда операциялар бірден жаңа қарқынмен қайта басталады», — деп жазды.
Бұл мәлімдеме ауған ресми тұлғалары Пәкістанның Кабулдағы наркологиялық ауруханаға жасаған әуе соққысы салдарынан жүздеген адам қаза тапқанын хабарлағаннан кейін екі күн өткен соң айтылды. Сәрсенбі күні Кабул билігі осы соққы құрбандарының бір бөлігін жаппай жерлеу рәсімін өткізді.
Пәкістан Ауғанстанның айыптауын жоққа шығарып, Кабул мен Ауғанстанның шығысындағы соққылар әскери нысандарға бағытталғанын мәлімдеді. Сәрсенбі күні таңертең Исламабадта берген сұхбатында Аттаулла Тарар Пәкістанның «тек террористік инфрақұрылымға соққы бергенін» айтты.
«Біз күш-жігерімізді ауған талибтер режиміне, олардың әскери құрылымдарына, террористік инфрақұрылымға және террористерді қолдайтын немесе ынталандыратын барлық құрылымдарға қарсы күреске жұмылдырдық», — деді ол.
Ауған үкіметінің баспасөз хатшысы Забихулла Муджахид соққыны айыптап, Пәкістанды «қорқынышты әрекеттер жасау мақсатында ауруханалар мен азаматтық нысандарға шабуыл жасады» деп кінәлады. Оның айтуынша, қаза тапқандар «кінәсіз бейбіт тұрғындар мен есірткіге тәуелді адамдар» болған.


