«Казахстанская правда» Қазақстанның жаңа Конституциясының толық мәтінін жариялады

«Казахстанская правда» газеті Қазақстанның жаңа Конституциясының толық мәтінін жариялады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ
Конституцияның кіріспе бөлігінде Қазақстан халқының бірлігі, мемлекеттілікті нығайту, мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралары мен аумақтық тұтастығының мызғымастығы, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, сондай-ақ мәдениет, білім, ғылым, инновациялар құндылықтары және табиғатқа ұқыпты қарау қажеттілігі атап өтіледі. Сонымен бірге бейбітшілік пен барлық елдермен достыққа ұмтылу және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік туралы айтылады.
I бөлім. Конституциялық құрылыстың негіздері
1-бап Қазақстан Республикасы — демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылықтары — адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
2-бап 1) Қазақстан Республикасы — унитарлық мемлекет. Басқару нысаны — президенттік республика.
2) Қазақстан Республикасының егемендігі оның бүкіл аумағына таралады. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын, ажыратылмауын қамтамасыз етеді.
3) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы конституциялық заңмен айқындалады.
4) Қазақстан Республикасының астанасы — Астана қаласы. Астананың мәртебесі конституциялық заңмен айқындалады.
5) «Қазақстан Республикасы» және «Қазақстан» атаулары тең мәнді.
6) Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) — теңге. Теңгені эмиссиялаудың айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі.
7) Қазақстан Республикасының егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы, басқару нысаны өзгермейді.
3-бап 1) Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттары ретінде егемендік пен тәуелсіздікті қорғау; адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті нығайту; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты, жасампаз патриотизм идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбекқорлық, прогресс, білім құндылықтарын орнықтыру; жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; ұлттық мәдениетті қолдау көрсетіледі.
2) Қазақстан Республикасы адами капиталды, білім беруді, ғылымды, инновацияларды дамытуды мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде таниды.
4-бап 1) Қазақстан халқы — мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі.
2) Халық билікті тікелей жалпыұлттық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдарға береді.
3) Қазақстан Республикасында ешкім билікті иемденіп кете алмайды. Билікті иемдену заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан сөйлеу құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Құрылтайына оның конституциялық өкілеттіктері шегінде тиесілі. Қазақстан Республикасының Үкіметі және өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттіктер шегінде мемлекет атынан сөйлейді.
4) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік біртұтас және Конституция мен заңдар негізінде, заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөліну және олардың өзара іс-қимылы қағидатына сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап 1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы — Конституция нормалары, оған сәйкес келетін заңдар, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты мен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары, өзге де нормативтік құқықтық актілер, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық міндеттемелері.
2) Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады.
3) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттардың қолданылу тәртібі заңдармен айқындалады.
4) Барлық заңдар және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау — оларды қолданудың міндетті шарты.
5) Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды. Бұрын жасалған құқық бұзушылық үшін жауапкершілік жаңа заңмен жойылған немесе жеңілдетілген жағдайда жаңа заң қолданылады.
6) Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің жедел экономикалық дамуы мақсатында конституциялық заңдарға сәйкес қаржы саласында арнайы құқықтық режим немесе «жедел дамитын қала» арнайы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін. Мұндай арнайы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару мен сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін.
6-бап 1) Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әртүрлілік танылады.
2) Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Мемлекеттің қоғамдық бірлестіктер ісіне және қоғамдық бірлестіктердің мемлекет ісіне заңсыз араласуына, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік органдардың функцияларын жүктеуге жол берілмейді. Мемлекеттік органдарда саяси партия ұйымдарын құруға жол берілмейді.
3) Мақсаттары немесе әрекеттері конституциялық құрылыстың негіздерін күшпен өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуға, қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікті әлсіретуге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген құрылымдар құруға бағытталған қоғамдық бірлестіктерді құру мен олардың қызметіне тыйым салынады.
4) Өзге мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының, діни негіздегі саяси партиялардың қызметіне, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалар, шетел мемлекеттері және халықаралық ұйымдар тарапынан қаржыландыруға жол берілмейді.
5) Шетел мемлекеттерінен, халықаралық және шетелдік заңды тұлғалардан, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардан алынатын коммерциялық емес ұйымдардың ақша қаражаты қозғалысы мен активтері туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ашық әрі қолжетімді болуы тиіс.
7-бап 1) Дін мемлекеттен бөлінген.
2) Қазақстан аумағындағы діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және конституциялық құрылыстың негіздерін, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның имандылығын қорғау мақсатында шектелуі мүмкін.
8-бап 1) Қазақстан Республикасында меншіктің барлық нысандары танылады, кепілдік беріледі және тең қорғалады.
2) Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне сай болуы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы белгіленген талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылуы және заңмен қорғалатын басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін бұзбауы тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен айқындалады.
3) Жер және оның қойнауы, сулар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.
9-бап 1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі.
2) Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.
3) Мемлекет Қазақстанның біртұтас халқы тілдерін оқып-үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық етеді.
10-бап Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастық, олардың ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу сыртқы саясатын жүргізеді.
11-бап Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран. Олардың сипаттамасы және пайдалану тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.
II бөлім. Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер
12-бап 1) Әр адам өз құқықсубъектілігінің танылуына құқылы. Әр адам заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен, оның ішінде қажетті қорғанумен өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға құқылы.
2) Әр адам өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы.
3) Қазақстан Республикасында заңға сәйкес білікті заң көмегін алуға құқық танылады.
13-бап 1) Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол біртұтас және оны алу негіздеріне қарамастан тең.
2) Қазақстан Республикасының азаматы азаматтығынан, азаматтығын өзгерту құқығынан айырылмайды, сондай-ақ Қазақстаннан тысқары жерге қуылмайды. Азаматтықтан айыру тек сот шешімімен террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін ғана жол беріледі.
3) Қазақстан Республикасының азаматы қос немесе көп азаматтыққа ие бола алмайды. Өзге азаматтықтың болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады. Туғанына байланысты шетел мемлекетінің азаматтығын алған кәмелетке толмаған балаларға қатысты заңда көзделген ережелер қолданылады.
14-бап 1) Қазақстан Республикасының азаматы, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, шетел мемлекетіне берілмейді.
2) Қазақстан Республикасы өз азаматтарына заңға сәйкес шетелде қорғау кепілдігін береді.
15-бап 1) Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және кепілдік беріледі.
2) Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге туғаннан тиесілі, ажырамас және иеліктен шығарылмайтын болып танылады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуын айқындайды.
3) Қазақстан Республикасының азаматы азаматтығына байланысты құқықтарға ие және міндеттер атқарады.
4) Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады.
5) Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру басқа адамдардың құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге, конституциялық құрылыстың негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығына және қоғамның имандылығына қол сұқпауға тиіс.
6) Әр адам мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекеттен өтеуге құқылы.


