Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы жарияланды: Моджтаба Хаменеи тағайындалды

Сарапшылар кеңесі Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы ретінде Моджтаба Хаменеиді жариялады.
Хабарлама дүйсенбі, 9 наурыз күні Telegram-арнада жарияланған. Онда: «Көшбасшылық жөніндегі Сарапшылар кеңесі көпшілік дауыспен аятолла Хаджа Сейеда Моджтаба Хаменеиді Иран Ислам Республикасының үшінші көшбасшысы етіп тағайындады» делінген.
Бұған дейін Сарапшылар кеңесінің бір мүшесі Иранда елдің жоғарғы көшбасшысы қызметіне үміткердің кандидатурасы анықталғанын және Али Хаменеи мұрагерін «алғашқы мүмкіндік туған кезде» түпкілікті сайлауға жақын екенін айтқан. Алайда ол сондай-ақ «әскери жағдайды» да атап өткен.
Али Хаменеи қаза тапқаннан кейін Иранды уақытша үш адамнан тұратын кеңес басқарды: президент Масуд Пезешкиан, сот билігінің басшысы Голям Хосейн Мохсени-Эджейи және Конституцияны қорғаушылар кеңесінің мүшесі, аятолла Алиреза Арафи.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы
Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы операция бастаған. Тель-Авивте оның мақсаты — Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу екені айтылды. Вашингтон Иран флотын және қорғаныс өнеркәсібін жоятынын айтып қорқытты, сондай-ақ ел азаматтарын режимді құлатуға шақырды.
Шабуыл салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы, аятолла Али Хаменеи қаза тапты. Елде 40 күндік аза тұту жарияланды. БАҚ-та қаза тапқан жоғарғы көшбасшының 56 жастағы ұлы Моджтаба Хаменеи әкесінің орнына негізгі үміткер болғаны хабарланған.
Сондай-ақ: Трамп Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы оның мақұлдауынсыз ұзаққа бармайтынын мәлімдеді


