Қазақстанда жыл басынан бері заңсыз айналымнан 580 қару тәркіленді, «Құқықтық тәртіп» аясында үш күнде 105 қару алынды

Қазақстанда жыл басынан бері заңсыз айналымнан 580 бірлік қару тәркіленді. Оның ішінде 63 бірлік — криминалдық қару, ал солардың 49-ы қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған. Сонымен қатар 2 мыңнан астам оқ-дәрі алынды.
10 наурыздан бастап Қазақстанда республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы — «Құқықтық тәртіп» басталды. Іс-шара аясында заңсыз айналымдағы қаруды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.
Үш күн ішінде заңсыз айналымнан:
- 105 бірлік қару;
- 260-тан астам патрон;
- 13 жарылғыш құрылғы тәркіленді.
Сондай-ақ қару мен оқ-дәрі сақталған 19 жасырын орын анықталды. Қаңтар оқиғалары кезеңінде ұрланған 6 бірлік қару, сондай-ақ полицияның экипировкасы, оның ішінде 1 тапанша, 2 ойық ұңғылы карабин және 3 тегіс ұңғылы мылтық, қызметтік оқ өтпейтін кеудешелер алынды.
Полиция мәліметінше, 6 наурызда Алматы облысында полиция департаментінің қызметкерлері ҰҚКД-мен бірлесіп Қонаев қаласының шетінде жасырын орын тауып, одан Алматыдағы қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған карабинді тәркіледі. Ал 11 наурызда Жамбыл облысы Байзақ ауданының Сарыкемер ауылының шетінде, Талас өзенінің жағасында криминалдық полиция қызметкерлері Тараздағы қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған аңшылық мылтықтарды тауып, алып шықты.


Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсыру қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босататынын еске салды. ОПМ басталғалы бері қазақстандықтар 10 бірлік қаруды ерікті түрде тапсырған.
Бұған дейін Қазақстанда азаматтық және қызметтік қару иелеріне қойылатын талаптар қатаңдатылатыны, тиісті түзетулердің Сенатта бұрын мақұлданғаны хабарланған болатын.


