Иран АҚШ пен Израильдің мұнай қоймаларына жасаған соққыларының салдары туралы мәлімдеді

Иранда АҚШ пен Израильдің мұнай қоймаларына жасаған соққыларының салдары туралы ақпарат берілді.
Бұған дейін Иранның мұнайды өңдеу және тарату жөніндегі ұлттық компаниясы әуе соққылары Тегерандағы және Альборз провинциясындағы мұнай қоймаларына бағытталғанын хабарлаған.
Парламенттік энергетика комиссиясының өкілі Исмаил Хосейнидің айтуынша, соққыға тек төрт отын сақтау нысаны ұшыраған.
«Бұл шабуылдар тек төрт мұнай қоймасына тиді. Алдын ала қарастырылған шараларды, сондай-ақ елде басқа да қоймалардың бар екенін ескерсек, бензинмен және энергиямен қамтамасыз етуге қатысты ешқандай алаңдаушылық жоқ. Халыққа жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезекке тұрудың қажеті жоқ», — деді Хосейни.
Иран билігінің мәліметінше, зақымданулар инфрақұрылымның жекелеген нысандарына қатысты болған. Сонымен қатар елде резервтік қуаттар мен қосымша отын қоймалары жұмыс істеп тұр.
Еске салайық, бұған дейін Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Иранның мұнай инфрақұрылымына алғашқы әуе соққылары жасалғанын мәлімдеген. ЦАХАЛ өкілінің айтуынша, Тегеранда кемінде 30 мұнай резервуары шабуылға ұшыраған.


