ОАӘ Ирандағы су тұщыту зауытына соққы жасауы мүмкін

Біріккен Араб Әмірліктері (ОАӘ) Иранға алғаш рет соққы жасаған болуы мүмкін. Израильдің Ynet порталының ақпаратына сәйкес, шабуылдың нысанасы Ирандағы су тұщыту зауыты болған.
Израиль билігінің бағалауынша, бұл соққы ОАӘ-нің қақтығысқа толық ауқымды түрде араласқанын білдірмейді. Олардың пікірінше, Парсы шығанағындағы мемлекеттің әрекеті шектеулі сипатта болған және Тегеранға энергетикалық инфрақұрылымға жасалатын шабуылдарды тоқтатуды талап еткен ескерту ретінде қарастырылады.
Бұған дейін ОАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахайян Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғалы бергі алғашқы жария сөзінде ОАӘ-нің «соғыс жағдайында» өмір сүріп жатқанын мәлімдеген. Шейх елдің Қарулы күштеріне «осы соғыс кезіндегі» рөлі үшін алғыс айтып, күштік құрылымдарды «елге абыройлы қызметі» үшін мақтаған. Сондай-ақ ол ОАӘ-дегі шетелдік резиденттердің үлесін жоғары бағалаған.
Иран Дубайдағы Marina Tower зәулім ғимаратында орналасқан америкалық әскери қызметкерлерге соққы жасағанын мәлімдеді.
Еске салайық, АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иранға қарсы әскери операцияны бастаған. Өз аумағына жасалған соққыларға жауап ретінде Тегеран Таяу Шығыстағы Вашингтонның одақтас елдеріндегі америкалық нысандарға шабуыл жасаған.
Шабуылға ұшыраған елдердің қатарында ОАӘ де бар. Соққылар әскери инфрақұрылымға бағытталғанына қарамастан, азаматтық нысандар да зардап шеккен. Атап айтқанда, Дубайдағы «Бурдж-аль-Араб» қонақ үйіне соққы жасалғаны хабарланған, иран дрондары «Бурдж-Халифа» зәулім ғимаратына жақындап, Пальм-Джумейра ауданында құлаған.


