Солтүстік Қазақстан облысында екі MAN жүк көлігі соқтығысып, бір жүргізуші қаза тапты

Солтүстік Қазақстан облысында тасжолда жүк тиелген екі MAN маркалы фура соқтығысып, бір жүргізуші қаза тапты.
Жол-көлік оқиғасы 7 наурызда Астана — Петропавл автожолында, Астраханка мен Чапаево ауылдарының арасында болған.
Полицияның мәліметінше, екі жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан 32 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмған.
Қазіргі уақытта полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар, полиция тағы бір апат бойынша да тергеу жүргізуде. Ведомствоның хабарлауынша, 6 наурызда Челябі — Новосибирск автожолында, Солтүстік Қазақстан облысындағы Булаево қаласының маңында JAC T9 көлігі JCB экскаватор-тиегішімен соқтығысқан. Нәтижесінде жеңіл көліктің 60 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қаза болған.
Полицейлер жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол жағдайын ескеруге және көліктің техникалық жарамдылығын бақылауға шақырды.
Нақ осының алдында Ақтөбе облысындағы тасжолда да ауыр жол апаты болған: қоршау салонды тесіп өткен.


