Әлеуметтік желіде АҚШ-та асырап алынған Қарағанды тумасының биологиялық ата-анасын іздеу туралы жазба жарияланды

Әлеуметтік желілерде Қазақстанда туған, кейін АҚШ-тағы отбасы асырап алған ер адамның биологиялық ата-анасын іздеу туралы жазба жарияланды. Хабарлама Facebook-тегі Kazakh American Association қауымдастығында ер адамның жұбайы тарапынан орналастырылған.
Ер адам туралы не белгілі Жазба авторының айтуынша, оның күйеуінің аты — Николас Пикколо. Ол 1998 жылғы 26 қарашада Қарағандыда дүниеге келген. Туған кезде оған Руслан Умурзаков деген есім берілген.
Ер адамның жұбайы Шанель Пикколоның айтуынша, ол ерте балалық шағында Қарағандыдағы "Малютка" балалар үйінде болған. Оның сөзінше, бұл мекемені "Шапағат" деп те атауы мүмкін, алайда отбасының нақты ақпараты жоқ.
"Мен бұл жазбаны күйеуім Николас Пикколо өзінің биологиялық ата-анасын іздеп жүргендіктен жазып отырмын. Ол 1998 жылғы 26 қарашада Қарағанды, Қазақстанда дүниеге келген. Туған кездегі аты — Руслан Умурзаков", — делінген жарияланымда.
Отбасы ер адамның өткеніне қатысты деректердің аз сақталғанын атап өтті. Белгілі болғаны — асырап алу 2003 жылғы 19 қаңтарда болған.
"Шынымды айтсам, бізде ақпарат көп емес. Бірақ ол биологиялық ата-анасын тапқысы келеді. Қазір қолымыздағы деректер — осы ғана", — деп жазды Шанель Пикколо.
Ол кез келген көмекке алғыс білдіретінін айтып, кімде-кімде ақпарат болса, байланысуды сұраған.
Жазбаның астында кеңестер мен қолдау сөздері жазылған ондаған пікір пайда болды. Желі қолданушылары Қарағанды тұрғындарының топтарына жүгінуді немесе жергілікті адамдар арқылы ақпарат іздеп көруді ұсынған.
Кейбірі іздеуді тиімді ету үшін басқа платформаларды да қарастыруға кеңес берген. Пайдаланушылардың айтуынша, оқиғаны Threads қосымшасында немесе қазақстандық қолданушылар көп болатын TikTok желісінде жариялап көруге болады.
Ер адамның жұбайы әлеуметтік желілерде ақпараттың кең таралуы оның биологиялық отбасына қатысты бірдеңе білетін адамдарды табуға көмектеседі деп үміттенеді.
Бұған дейінгі ұқсас оқиға Еске сала кетейік, 2023 жылы туған кезде Жәнібек деп аталған қазақ Эдди Жан Қазақстанда биологиялық ата-анасын іздеген. Ол 2002 жылғы 17 қаңтарда Арқалық қаласында туған. 2004 жылы бала балалар үйіне түсіп, сол жерде бельгиялық әйел асырап алған. Қазір ол Испанияда, Мальоркада тұрады.
Осы тақырыпқа қатысты: «Жас америкалық әйел Астанада ата-анасын іздеп жүр»


