Ұлытау облысында полиция аса ірі ұрлыққа күдіктілерді ұстады: оқиға сәті видеоға түскен 👿

Ұлытау облысында криминалдық полиция қызметкерлері аса ірі мөлшерде мүлікті ұрлауға байланысты қылмысты ашты 👿.
Наурыз айында Жәйрем кентінің тұрғыны полиция бөліміне арызданған. Оның айтуынша, кешкі уақытта белгісіз тұлғалар металл торды жұлып, пластик терезені күшпен ашып, жеке тұрғын үйге кірген. Қаскөйлер металл сейфті алып кеткен.
Сейфтің ішінде ақша, жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттар және асыл тастармен көмкерілген алтыннан жасалған көптеген зергерлік бұйым болған. Жалпы келтірілген материалдық шығын 9 миллион теңгеден асты.
Қылмыс болған сәт ЖБО камераларына түсіп қалған. Видеода екі ер адамның сейфті көтеріп алып шыққаны көрінеді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Алматы, Қарағанды қалалары мен Жәйрем кенті аумағында 27 мен 39 жас аралығындағы үш күдіктіні анықтап, ұстады. Олардың екеуі — Жаңаарқа ауданының тұрғындары, ағайынды азамат. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Мұндай қылмыс үшін мүлкі тәркілене отырып, екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
#ЗАҢМЕНТӘРТІП
📱 POLISIA.KZ


