Жамбыл облысында екі тоғызыншы сынып оқушысының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Жамбыл облысында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді: алдын ала ақпаратқа сәйкес, екі тоғызыншы сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсаған. Олардың мәйіттері Қордай ауданының Қаракемер ауылындағы бір сарайдан табылған.
Оқиғаның себептері әзірге белгісіз. Тек балалардың бір отбасынан емес екені, ал қайғылы жағдайдың таңсәріде — шамамен таңғы 5:00-де болғаны анықталған.
Қаракемер тұрғындарының айтуынша, қазіргі уақытта полицейлер көршілерден, оқушылардан және мұғалімдерден жауап алып жатыр.
Жергілікті атқарушы органдардағы дереккөз де оқиғаның себебі әзірге анықталмағанын хабарлаған.
Жасөспірімдер қоштасу хатын қалдырмаған.
Жамбыл облысы полиция департаменті: «Қордай ауданында суицид фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», — деп түсініктеме берді.
Сондай-ақ облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен оқиға орнына жедел түрде облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова мен білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков барғаны белгілі болды.
Облыс әкімдігінде «барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын» атап өтті. Оқушылар мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсету жұмысы ұйымдастырылған.
Жағдай өңір басшысының жеке бақылауында.


