Жапония мен Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтар жаңа Конституция бойынша референдумда алғашқылардың бірі болып дауыс берді

Қазақстандықтар Жапония мен Оңтүстік Кореяда жаңа Конституция бойынша референдумда өздерінің конституциялық құқықтарын алғашқылардың бірі болып пайдаланды.
Бұл туралы жексенбі, 15 наурызда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сыртқы саяси ведомствоның мәліметінше, Токиодағы референдумда дауыс берген алғашқы Қазақстан азаматтарының бірі — "Нихон" университетінің 3-курс студенті Жібек Айдын болды. Оның айтуынша, қаралып отырған мәселе елдің одан әрі дамуы үшін маңызды.
"Референдум өткізу ашықтық пен жан-жақты талқылауды қамтамасыз етеді, қоғам пікірін ескеруге және салмақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мемлекет әрбір азаматтың қатысуы үшін қажетті жағдай жасайды, ал біздің азаматтық борышымыз — белсенді ұстаным таныту", — деп есептейді ол.

Жібек Айдын дипломатиялық өкілдіктердің жұмысының арқасында шетелде жүрген отандастардың да өздерінің сайлау құқығын жүзеге асыру мүмкіндігі болғанын атап өтті.
"Біз үшін бұл жай ғана дауыс беру емес, елдің одан арғы бағытын айқындауға жауапты қатысу. Қабылданған шешім Қазақстанның орнықты әрі серпінді дамуын нығайтуға қызмет етеді деп сенемін", — деп қосты ол.
ҚР СІМ ақпаратына сәйкес, Сеулдегі учаскеде алғашқылардың бірі болып Ернар Сарсенбаев дауыс берді. Ол — орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Азиялық ұйымның (AFoCO) қызметкері.
Ернар Сарсенбаев шетелде жүрген отандастар үшін осындай маңызды саяси процеске қатысу мүмкіндігін жоғары бағалап, референдумға қатысу әр азаматтың азаматтық жауапкершілігінің көрінісі екенін айтты.

"Ұлттық маңызы бар осындай маңызды мәселелер бойынша өз ұстанымыңды білдіру — әр азаматтың борышы. Референдум еліміздің дамуы мен болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға мүмкіндік береді", — деді ол.
Бұған дейін ҚР СІМ конституциялық реформа бойынша референдумда қазақстандықтардың дауыс беруіне арналған сайлау учаскелері ең алдымен Оңтүстік Корея мен Жапонияда ашылғанын хабарлаған болатын.


