Қазақстандықтарға күмәнді транзакциялар кезінде бұғатталған ақшаны қалай қайтаруға болады: Ұлттық банк түсіндірді

Қазақстандықтар транзакция кезінде үшінші тұлғалардың күмәнді әрекеттері салдарынан бұғатталған ақшаны қалай қайтара алады. Бұл туралы Ұлттық банк мәлімдеді.
Контекст Өткен жылы Қазақстанда ұлттық Антифрод-орталықтың функционалын кеңейтетін және алаяқтық әрекеттерден зардап шеккендерге ақшаны қайтаруды жеңілдетуге мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер әзірленді.
Ұлттық банктің ресми сұрауға берген жауабына сәйкес, бұғатталған ақшаны қайтару рәсімдерін жеңілдететін түзетулер қаржы нарығын дамыту, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді алып тастау мәселелері жөніндегі заң аясында қабылданған. Олар 2025 жылғы 31 тамызда күшіне енді.
Ақшаны қайтару үшін не істеу керек? Егер ақшаңыз транзакция кезінде алаяқтыққа күдік туындауына байланысты бұғатталса, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Олар банкке транзакцияның алаяқтық деп танылғаны және клиентке бұғатталған соманы қайтару қажеттігі туралы хабарлама жолдауы тиіс. Мұндай хабарламаны жіберу прокуратураның санкциясымен жүзеге асырылады.
"Осылайша, қайтаруға негіз — прокурор санкциялаған қылмыстық қудалау органының хабарламасы. Осыған байланысты алаяқтықтан зардап шеккендер құқық қорғау органдарына жүгінуі тиіс", — деп нақтылады Ұлттық банк.
Ұлттық банктің Антифрод-орталығында алаяқтық белгілері бар транзакциялар платформа іске қосылғаннан кейін тіркеледі. Антифрод-орталық платформасы 2024 жылғы 22 шілдеде іске қосылған. Демек, осы кезеңде зардап шеккендердің барлығы ақшасын қайтаруға әрекет ете алады.
Анықтама: Ұлттық банктің Антифрод-орталығы — қаржылық алаяқтыққа нақты уақыт режимінде қарсы күресуге арналған бірыңғай технологиялық платформа. Негізгі мақсаты — қаржы нарығының барлық қатысушылары арасында деректермен жедел алмасуды қамтамасыз етіп, қылмыскерлер қолма-қол ақшаға айналдырып үлгермей тұрып ұрланған қаражатты тоқтату.
Ақша қаншалықты тез қайтарылады? Ұлттық банктің мәліметінше, бенефициар банкі қылмыстық қудалау органынан транзакцияны алаяқтық деп тану туралы хабарлама алған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей қайтаруды жүзеге асырады. Өтініш берушіге ақша тек бұғатталған сома шегінде ғана қайтарылады. Қайтару төлем ордері және төлем тапсырмасы арқылы рәсімделеді.
"Егер бұғаттау сәтінде алушылардың шотында ақша болмаған жағдайда, келтірілген залал сот тәртібімен қайтарылады", — деп қосты Ұлттық банк.
Егер қаржы ұйымдары алаяқтық белгілері бар транзакциялар аясында бұғатталған ақшаны қайтару жөніндегі заңнамалық талаптарды орындамаса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оларға қадағалау ықпал ету шараларын қолдануға құқылы.
Бұған дейін Ұлттық банк қазақстандықтарды банктік карталарды рұқсатсыз бұғаттауға байланысты телефон арқылы жасалатын алаяқтық жағдайларының көбейгені туралы ескерткен. Қаскөйлер азаматтардың жеке деректерін ашық дереккөздерден — фишингтік сайттардан, қоғамдық орындардағы сауалнамалардан, әлеуметтік желілер мен маркетплейстерден жинайды. Кейін олар клиенттің атынан банктердің байланыс орталықтарына хабарласып, картаның жоғалғанын айтады, соның салдарынан карта бірден бұғатталады.


