Түркістан облысы Жетісай ауданында жер асты суы көтеріліп, ауыл тұрғындары баспанасынан айырылу қаупіне тап болды

Түркістан облысының Жетісай ауданында жер асты суларының деңгейі көтеріліп, жергілікті ауылдардың тұрғындары баспанасынан айырылып қалу қаупіне тап болды.
Сакен Сейфуллин ауылында тұратын Ақмарал Жанбаева үйінің тұруға жарамсыз болып қалғанын айтты. Оның сөзінше, ғимарат кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін. Көп мәрте жөндеу жүргізілгенімен, үйді қалпына келтіру мүмкін болмаған.
«Шатырды жөндедік, бірақ төменнен бәрі ылғал тартады, қабырғалар үгітіліп, бәрі құлап жатыр. Бір жерін тартсаң — екінші жері құлайды. Газ кіргіздік, бірақ жылыту жүйесін жасай алмай отырмыз», — деді ол.

Осыған ұқсас жағдай зейнеткер Сара Ырысалиева тұратын үйде де байқалады. Оның үйінің қабырғалары ылғалданып, бір бөлігі құлаған. Үйді қалпына келтіру мүмкін болмағандықтан, ол көлемі кішірек жаңа үй салуға мәжбүр болған.
«Мына бөлігі екі жыл бұрын құлады. Әлі күнге дейін қалпына келтіре алмай отырмыз. Ішке кіру қауіпті: құлап кетуі мүмкін. Балаларды басып қалама деп қорқамын», — деді ауыл тұрғыны.

Жетісай ауданында шамамен 30 ауыл бар, олар Сакен Сейфуллин ауылы сияқты жер асты суының көтерілуінен зардап шегіп отыр. Баспана мәселесіне тап болған жастар қалада пәтер жалдауға мәжбүр. Ауыл тұрғындары судың көтерілу себебін дренаж жүйесінің жұмыс істемеуімен байланыстырады.
Жергілікті тұрғын Өтеулі Аралбайұлы бұрын, кеңес дәуірінде, ауылдың үш жағында дренаж болғанын айтып, қазір жағдайдың өзгергенін жеткізді.
«Бұрын, кеңес уақытында, ауылдың үш жағында дренаждар болатын. Үйлердің алдында жеміс ағаштары өсетін, біз көкөніс егетінбіз. Қазір бәрі қурап жатыр. Жеміс ағаштары ғана емес — тіпті каратал да қурап қалды. Жастардың шамамен 40 пайызы көшіп кетті», — деді ол.

Ауыл әкімдігінің мәліметінше, қараусыз қалған сорғы қондырғыларын жөндеу үшін қомақты қаржы қажет. Ауыл бюджеті мұндай шығынды көтере алмайтындықтан, аудан әкімдігіне ұсыныс жолданған.
Жетісай ауданы әкімдігі бөлімінің басшы орынбасары Нұрдәулет Икимат Жетісай ауданында 43 тік дренаж ұңғымасын салу үшін архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы дайындалғанын, жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын айтты.
«Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобалар аудандық немесе облыстық бюджеттен қаржы бөлу үшін ұсынылады», — деді ол.

Дренаж жүйесіне қаражаттың нақты қашан бөлінетіні әзірге белгісіз. Баспанаcынан айырылып қалу қаупі бар тұрғындарға әзірге күту ғана қалып отыр.


