Түркістан облысында «Turgyndar Amanaty» жобасы аясында тұрғын үйді басқару мәселелері талқыланған семинар-форум өтті

Түркістан облысында Amanat партиясының «Turgyndar Amanaty» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты семинар-форум өтті. Іс-шара барысында көпқабатты тұрғын үйлердің мәселелерін шешуге және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған кешенді бастамаларға ерекше назар аударылды.
Amanat партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев жобаның маңызы мен артықшылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған реформалар әрбір қала тұрғынының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Жоба тарифтер, абаттандыру, жарықтандыру, лифт, интернет және қауіпсіздік мәселелері бойынша жүйелі шешімдер қабылдауға ықпал етеді.

Түркістан облысында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, облыс орталығы — Түркістан қаласында жаңа шағынаудандардың іргесі қаланып, 422 тұрғын үй салынған.
Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Түркістан облысында мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларының қатысуымен жоба талқыланып, алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындау көзделді.

Жобаның негізгі мақсаты — қолайлы, қауіпсіз, заманауи қалалық орта қалыптастыру және тұрғындардың белсенділігін арттыру. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. Жыл басынан бері ұқсас семинар-форумдар Қарағанды, Ақмола және Павлодар облыстарында өтіп, тиімділігін көрсеткен.
Жоба аясында бірқатар бастамалар іске асырылуда:
- ОСИ және КСК төрағаларына арналған «OSI-SKILLS» форматындағы оқыту семинарлары;
- олардың қызметін жүйелеу үшін қалалық кеңестер құру;
- депутаттардың халық алдында есеп беруін ұйымдастыру;
- әкімдіктермен меморандумдар жасау;
- «Таза Қазақстан» акциясы аясында абаттандыру;
- «Бюджет народного участия» бағдарламасын іске асыру;
- үздік тұрғын үйлерге арналған байқаулар өткізу;
- тұрғын үйді басқару ұйымдары өкілдерінен кадрлық резерв қалыптастыру;
- бастауыш партия ұйымдарын құру.
Сонымен қатар, жоба шеңберінде Түркістан облысында фронт-офис ашу мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.
Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кездесудің өңірде тұрғын үйді басқару жүйесін жетілдіруге жаңа серпін беріп, өзекті мәселелерді талқылауға және тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Оның айтуынша, қоғамдағы негізгі тақырыптардың бірі — көпқабатты тұрғын үйлерді тиімді басқару.

Әкімнің мәліметінше, бүгінде облыс аумағында 1877 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 1620 үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелген, 243 үй коммуналдық меншікте. Түркістан қаласында мүлік иелері бірлестіктері арқылы басқару моделіне көшу және сервистік қызмет сапасын арттыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта облыс орталығында 4 басқарушы компания және тұрғындарға тиімді қызмет көрсететін 7 сервистік ұйым жұмыс істейді. Осы тұрғыда Turgyndar Amanaty жобасы тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және тиімді шешімдер қабылдауға арналған маңызды алаң ретінде аталды.
Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтиосов Түркістан облысы елдегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін, мұнда ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік салада жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, Amanat партиясы өңірлерде бастамалардың табысты іске асуына, түсіндіру жұмысына және халықпен ашық талқылауға ерекше мән береді. Сондай-ақ Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуды стратегиялық басымдық ретінде айқындап, инфрақұрылымды басқарудың тиімді, ашық және жауапты жүйесін қалыптастыру бойынша нақты міндеттер қойғаны атап өтілді. Бұл міндеттер өткен жылдың жазында қабылданған Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы аясында жүйелі түрде іске асырылып жатқаны айтылды.
Депутаттың айтуынша, енгізілген өзгерістер тұрғын үйді басқару жүйесіндегі ережелерді түбегейлі жаңартып, жаңа талаптар мен жауапкершілік деңгейін қалыптастырды. Елде аулаларды абаттандыру, коммуналдық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қауіпсіздікті күшейту және шаруашылықты басқаруды жетілдіру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Бұл бастамалардың тұрғындардың өз ортасына жауапкершілігін және қоғамдық белсенділігін арттыруға ықпал етуі маңызды екені айтылды.
Кездесу кәсіби тәжірибе алмасу, өзекті проблемаларды ашық талқылау және тұрғындардың сұранысын ескере отырып басқару сапасын арттыру алаңы болғаны көрсетілді. Семинар-форум сұрақ-жауап форматында жалғасып, ТКШ және тұрғын үйлерді басқару саласындағы нақты мәселелер жан-жақты қаралды. Басқарушы компаниялар, ОСИ өкілдері, сала мамандары және тәуелсіз сарапшылар тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа шешімдер мен конструктивті ұсыныстар ұсынды.
Іс-шара барысында сервистік ұйымдардың тарифтерін қайта қарау, мүлік иелері бірлестіктеріне салықтық жеңілдіктер беру, басқарушы компания басшыларының біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасуға жағдай жасау мәселелері көтерілді. Сондай-ақ тұрғын үйді жалға алушылардың мүлік иелері бірлестіктеріне жарналарды жалпы негізде төлеуі тиіс екені айтылды. Тұрғын үйді басқару мәселелері бойынша ұсыныстар енгізуге арналған бірыңғай ақпараттық жүйе құру және салынып жатқан тұрғын үй сапасына қойылатын талаптарды күшейту жөнінде ұсыныстар да білдірілді.

Жиын қорытындысында диалог алаңы тұрғындардың сұранысы мен ұсыныстарын тыңдауға, сондай-ақ сенімді нығайтуға мүмкіндік бергені айтылды.
Сонымен бірге облыстағы көпқабатты тұрғын үйлер негізінен Түркістан, Арыс, Кентау, Ленгер, Жетісай, Сарыағаш қалаларында және ірі аудан орталықтарында шоғырланғаны көрсетілді. 2025 жылы партияның облыстық филиалына 15 687 өтініш түскен, оның 6 314-і (40,2%) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты болған. 2026 жылдың бірінші тоқсанында филиал 3 310 өтінішті қараған, оның 1 437-сі (43,4%) тұрғын үй мәселелерімен байланысты. Осыған байланысты семинар-форум жұмысты осы бағытта жүйелеуге және проблемаларды шешудің тиімді жолдарын әзірлеуге мүмкіндік берген мазмұнды әрі пайдалы алаң ретінде бағаланды.



