Amanat партиясы жергілікті кадрлардың функционалдық құзыреттерін дамытуға арналған жаңа оқыту жобасын іске қосты

Amanat партиясы партияның кадрлық активінің функционалдық құзыреттерін дамытуға арналған жаңа жобаны іске қосты. Жоба жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы буынды қалыптастыруға бағытталған.
Партия жанындағы Саяси менеджмент академиясы жаңа форматта ауылдық округтердің сайланған әкімдерін, мәслихат депутаттарын және бастауыш партия ұйымдарының (ППО) өкілдерін оқытуды бастады. Бағдарлама басқарушылық құзыреттерді арттыруға, көшбасшылық қасиеттерді нығайтуға, стратегиялық ойлауды дамытуға және мемлекеттік жобалық басқаруды меңгеруге бағытталған. Оқу Абай облысынан басталады.
Кездесуді аша отырып, Мәжіліс спикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанын, жаһандық турбуленттілік аясында жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект жаңа шындыққа айналғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа сын-қатерлерге лайықты жауап беру үшін елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен азаматтардың ел басқаруына қатысуын едәуір кеңейтетін ауқымды өзгерістер жүргізіліп жатыр. Осы үдерістердің тікелей қатысушысы ретінде партия мүшелері жаңа жағдайларда қойылған міндеттерді тиімді орындау үшін жаңа құзыреттерді белсенді меңгеруі қажет екенін атап өтті.

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының «диплом өмір бойына жеткілікті» деген түсініктің ескіргенін, оның орнын «өмір бойы білім алу» қағидаты басқанын үнемі айтып жүретінін жеткізді. Сондай-ақ жаңа Конституцияда адами капиталды дамыту, білім және ғылым стратегиялық басымдық ретінде бекітілгенін атап өтті. Осы бағытты басшылыққа ала отырып, Amanat партиясы жергілікті кадрларды оқыту бағдарламасын іске қосып отырғанын, олардың жауапкершілікті өз мойнына ала алатын, табанды әрі тиімді шешім қабылдай білетін маман болуы тиіс екенін айтты.
Партия төрағасы сайланған ауыл әкімдері, мәслихат депутаттары және ППО өкілдері бүгінде халық сенім артатын, азаматтар мәселесін шешу үшін жүгінетін нағыз өңірлік элита екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ауыл әкімдері мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудан бастап әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға дейінгі кең ауқымды мәселелер үшін елеулі жүктеме көтереді. Мәслихат депутаттары мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі буыны ретінде қарастырылады, ал олардың кәсібилігі мен коммуникация сапасы азаматтардың сенім деңгейіне және өңірлердегі тұрақтылыққа әсер етеді. Партиялық күн тәртібін іске асыруда 3800 ППО-ға ерекше рөл берілгені айтылды: қоғамдық пікір осы деңгейде қалыптасып, халықпен кері байланыс қамтамасыз етіледі.

Ерлан Қошанов жаңа білім беру жобасы перспективалы басқарушыларды анықтауға арналған платформа болатынын да айтты. Бағдарлама аясында Amanat партиясының кадрлық резерві қалыптастырылып, мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметке одан әрі ілгерілету үшін тиімді әрі бәсекеге қабілетті көшбасшыларды даярлау көзделеді.
Жаңа оқыту жобасына қатысты пікір білдірген Amanat партиясының хатшысы Шолпан Каринова бағдарламаның қолданбалы тәсілге негізделгенін және заманауи ғылыми зерттеулерге сүйенетінін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламада әртүрлі өмірлік кейстер бойынша практикалық шешімдер ұсынылады. Бағдарлама Назарбаев Университеті, Alma U, SDU және БИЛ сияқты жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдарының қатысуымен әзірленген. Модульдік оқу бағдарламасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің мақұлдауынан өткен. Сондай-ақ елдегі жоғары оқу орындары бұл модульдерді өз оқу бағдарламаларына енгізе алатыны айтылды.
Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Amanat партиясы мүшелерінің әлеуеті ашық әрі бәсекелі цифрлық іріктеулер арқылы мемлекеттік қызметтің басшылық құрамын толықтыру үшін белсенді пайдаланылып жатқанын айтты. Istanbul Kent University экономика, әкімшілік және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Хасрет Чомак Amanat бағдарламасы практикалық нәтижеге және саяси шешімдерді халық үшін нақты жақсартуларға айналдыра алатын көшбасшыларды даярлауға бағытталғанын мәлімдеді. Абай облысының әкімі Берік Уәли жаңа модульдік бағдарлама ауыл әкімдерінде заңнаманы қолданудың практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталатынын, сондай-ақ бюджет ресурстарын тиімді басқару дағдылары — бюджет вертикалін түсінуден бастап өз кіріс базасын дамытуға, салық түсімдерін арттыруға және аумақтардың экономикалық өсімін ынталандыруға дейін — оқытылатынын атап өтті.

Іс-шарада сондай-ақ ғылым және жоғары білім вице-министрі Гульзат Кобенова, Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің профессоры, итальяндық саяси технолог Рикардо Пелиццо, СҚО Магжан Жұмабаев ауданы мәслихатының төрағасы Айзада Рахметова, «Жетиген» ППО төрағасы, Алатау қаласы Жетиген шағынауданындағы №11 орта мектептің музыка пәні мұғалімі Анастасия Мельник, сондай-ақ Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов, Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген және Торайғыров университетінің ректоры Нұрлан Медетов сөз сөйледі.
Бағдарламаның басталуына мемлекеттік органдар мен академиялық қауымдастық өкілдері, сондай-ақ партияның өңірлік филиалдарының қызметкерлері бейнеконференц-байланыс арқылы қатысты.




