Amanat «Мөлдір бұлақ» бастамасы аясында ел бойынша экологиялық акциялар өткізді

Тазару күні – Наурызнама онкүндігінің қорытынды күнінде Amanat партиясы ел бойынша «Мөлдір бұлақ» республикалық бастамасы аясында бұлақтар мен жағалау аумақтарын тазартуға бағытталған ауқымды экологиялық акциялар өткізді. Партияның мәлімдеуінше, қазақстандықтар жаңа Конституцияда ел дамуының іргелі қағидаттарының бірі ретінде бекітілген табиғатқа ұқыпты қарау құндылықтарын іс жүзінде жүзеге асыруға дайын екенін көрсетіп отыр.

Amanat ұйымдастырған экологиялық іс-шаралар бірнеше өңірді қамтыды. Шымкентте шамамен 100 адам Қошқар ата өзенінің жағалауын тазартты. Жамбыл облысында Қаратау шатқалында 400-ге жуық адамның қатысуымен бұлақ тазартылып, оған іргелес аумақ абаттандырылды. Жетісу облысында 70 белсенді Ақсу көлінің аумағын тазаласа, Түркістан облысында партияның 100-ден астам жақтаушысы Қаратау жотасының етегіндегі Хантағы өзені маңында жұмыстар жүргізді.
Акцияның орталық алаңы Алматы болды. Мұнда Amanat партиясының шамамен 100 мүшесі мен «Жастар Рухы» белсенділері Үлкен Алматы өзені бойында экологиялық акция өткізіп, арнасы мен жағалау аймағын тұрмыстық қоқыс пен лайдан тазартты, қураған ағаштар мен қоқыс үйінділері жиналды, сондай-ақ ағаш отырғызу арқылы аумақ абаттандырылды.
Amanat өкілдері бұл шараның мәні терең екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз онкүндік форматындағы Наурызнамаға айналып, бүгін нақты практикалық мазмұнмен толығып отырғаны айтылды. Партияның атқарушы хатшысы Даулет Карибек экологиялық күн тәртібі мемлекеттік саясат пен қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын жеткізді.

«Наурыз – бұл жаңару уақыты. Және биыл табиғаттың оянуымен бірге қоғамымыз да жаңарып жатыр. Біз жаңа Конституция қабылдадық, онда алғаш рет преамбулада табиғатқа ұқыпты қарау негізгі құндылықтардың бірі ретінде бекітілді. Конституция бізге жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыруға жаңа бағдар береді. Бұл – әркімнің үлесі елдің болашағының бір бөлігіне айналатын және келер ұрпақтың өмір сапасына тікелей әсер ететін ортақ іс. Бүгінгі акция – осы өзгерістердің қолдау тауып жатқанын айқын дәлелдейді. Бұл – адамдар сөзден іске көшіп, жеке қатысу арқылы қоршаған ортаны сақтауға үлес қосатын нақты жауапкершіліктің көрінісі», – деді ол.

Даулет Карибек Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы бір реттік науқан емес, орнықты дәстүр екенін де айтты. Оның сөзінше, азаматтардың саналығы, тәртіп пен тазалыққа ұмтылысы нақты істермен дәлелденіп келеді. Мұндай акциялар табиғатқа ұқыпты қарау, қоршаған ортаға жауапкершілік және туған жерге қамқорлық әр қазақстандықтың борышы екенін түсінуге негізделген жаңа қоғамдық ойлауды қалыптастырады.
Партияда сондай-ақ мемлекет құндылықтарының іргелі деңгейінде табиғатқа ұқыпты қарау алғаш рет бекітілгені атап өтілді. Тұрақты даму, экологиялық қауіпсіздік және болашақ ұрпаққа қамқорлық – Қазақстанның стратегиялық таңдауы ретінде көрсетілді. Бұл бағыт заманауи стандарттарды енгізуді, ең үздік қолжетімді технологияларға көшуді және экологиялық есептіліктің ашықтығын да қамтиды. Экология екінші кезектегі тақырып болудан қалып, мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарларының біріне айналып келеді.

Amanat мәліметінше, 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция Мемлекет басшысының ауқымды реформалар бағытының логикалық жалғасы болып, оның Әділетті Қазақстан құруға қатысты жеке ұстанымын көрсетеді. Негізгі заңдағы жаңалықтар Президенттің тікелей қатысуымен қалыптасып, мәтін терең пысықтау мен кең қоғамдық талқылаудың нәтижесі болғаны айтылды. Референдум қорытындылары халық пен Президенттің ел дамуы мақсатында бір команда ретінде әрекет ететінін көрсеткені де атап өтілді.
Партия бұл қағидаттардың практикалық іске асырылуын да қамтамасыз етіп отырғанын мәлімдеді. «Таза бейсенбі» партиялық акциясы аясында ел бойынша ауқымды қоғамдық қозғалыс қалыптасты. Соңғы екі жылда 2 мыңнан астам ластанған аумақ тазартылып, 100-ден астам су нысаны ретке келтірілді, 190 мың тоннадан астам қоқыс жиналды. Іс-шараларға шамамен 120 мың адам қатысты. Ал өткен жылғы «Таза Қазақстан» республикалық road-эстафетасы барысында Алматыдан Қызылордаға дейінгі ұзындығы 1200 шақырым трасса бойынан 150 тоннадан астам қалдық жиналып, Ақыртас кешені, «Бірлік» монументі, Ордабасы тауындағы үш биге арналған ескерткіш және көне Сауран қалашығы сияқты сакралды нысандар абаттандырылды. Amanat өкілдері экологиялық мәдениет осылайша Қазақстанның қоғамдық өмірі мен тұрақты дамуының ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын айтты.





