Балқашта қаланың 89 жылдығы экологиялық акциялармен аталып өтті

Балқашта қаланың 89 жылдығы ірі экологиялық акциямен атап өтілді. Таңертеңнен бастап «Жастар» скверіне ересектер мен балалар жиналып, қала күніне орай ұйымдастырылған және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «Балқаш — таза қала» акциясына қатысты.
Іс-шара барысында сквер уақытша экологиялық идеяларға арналған ашық алаңға айналды. Шеберлер қайта өңделетін материалдардан жасалған бұйымдардың көрмесін ұсынып, қала тұрғындарына ресурстарды қайта өңдеу мен қайта пайдаланудың мүмкіндіктерін көрсетті. Тұрақты дамуға арналған заманауи шешімдердің үлгісі ретінде гидропондық қондырғылар ерекше қызығушылық тудырды.

Акцияның атмосферасын «Табиғатты аяла» хореографиялық қойылымы мен табиғатты қорғаушы жасөспірімдердің үгіт-насихат тобының өнер көрсетуі толықтырды. Балқаш әкімі Сапар Сатаев тұрғындарды құттықтап, ең үздік аула мен кәсіпорынға арналған қалалық байқаулардың басталғанын жариялады.
Сондай-ақ акция аясында «Балқаштықтар таза қала үшін» атты ауқымды экологиялық шеру өтті. Қаланың орталық көшелерімен мыңдаған адам — оқушылар, студенттер, еңбек ұжымдары және бейжай қарамайтын тұрғындар жүріп өтті. Шеру легі бірнеше орамға созылып, таза қала — ортақ жауапкершілік екенін еске салды.
Іс-шаралар «Достық» паркінде өткен жалпықалалық сенбілікпен жалғасты. Онда да жүздеген балқаштық жиналып, құрал-сайманмен аллеяларды ретке келтіріп, аумақтарды қоқыстан тазалап, қалалық кеңістікті жайлы етуге атсалысты.
Қоғам белсендісі Анар Адамбекова жерлестеріне үн қатып, «Таза Қазақстан» бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды:

"Қаланың тазалығы — біздің ортақ жауапкершілігіміз. Әркім өзінен бастауы керек: қоқыс тастамау, өзінен кейін жинау, табиғатқа және өз қаласына ұқыпты қарау. Келіңіздер, Балқашты өзіміз және болашақ ұрпақ үшін шынымен таза, жайлы әрі әдемі қалаға айналдырайық".
Ақсақал Жұмабек Игембаев та жастарға туған жерге сүйіспеншілікті, еңбекке құрметті және тазалық мәдениетін сіңіру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге бүгін қоғамдық көлікте және адамдар көп жиналатын орындарда қалаға танымал маскот — Балқаш жолбарысын кездестіруге болады. Ол тұрғындарға флаерлер таратып, тазалық әр адамнан басталатынын еске салды.
Мерекелік бағдарлама мұнымен аяқталған жоқ. Жағалауда жас суретшілер фестивалі өтеді. Хамзин атындағы Мәдениет сарайында «Кітап оқитын ұлт» жобасының қалалық кезеңінің қорытындысы шығарылып, ең көп оқитын тұрғындар марапатталады. Кешке балқаштықтар мен қала қонақтары «Жастар» скверіндегі мерекелік концерт пен жастар дискотекасына шақырылды.
Қала күні 11 сәуірде атап өтілетіні еске салынды. Дәл осы күні, 1937 жылы, Прибалхашстрой жұмысшы кенті ресми түрде Балқаш қаласына айналды.
Фото: акимат Карагандинской области




