Астанада «Таза Қазақстан» аясында «Таза қала» акциясы өтіп, 30 мыңға жуық адам қатысты

Астанада жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қалалық аумақтарды санитарлық тазалау және абаттандыруға бағытталған «Таза қала» акциясы өтті.
Экологиялық іс-шара қаладағы барлық аудандарды қамтыды. Оған шамамен 30 мың адам қатысты. Қатысушылар қатарында елорда тұрғындары, коммуналдық қызметтер, бизнес өкілдері (оның ішінде құрылыс және қаржы ұйымдары), КСК және ОСИ ұжымдары, волонтёрлер, студенттер, экоактивистер, сондай-ақ танымал спортшылар болды.

Акцияға 2 239 кәсіпорын мен ұйым да қосылды. Жұмыстарға 900-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
Сенбілік қыс мезгілінен кейінгі санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ қалалық аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыруға бағытталды. Қатысушылар аулаларды, көшелерді, саябақтарды және қоғамдық кеңістіктерді ретке келтірді.
Акция барысында көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке сектор аула аумақтарын қоса алғанда, 1 232 аула тазартылды. Қала аумағынан шамамен 100 тонна қоқыс шығарылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілігін арттыру және халықты абаттандыру мәселелеріне тарту.

Астана әкімдігі тұрғындарды «Таза Қазақстан» экологиялық айлығын қолдауға және ортақ іске үлес қосуға шақырды.
«Әрбір тұрғын және әрбір ұйым көшелер мен аулаларды абаттандыруға өз үлесін қоса алады, Астананы таза, жайлы әрі экологиялық тұрғыдан қолайлы ете түседі», — деді Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Медет Джалпыбаев.

Әкімдікте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы табиғатқа ұқыпты қарауды дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға және елді мекендерді абаттандыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл бастама тазалық пен жауапкершілік идеясы төңірегінде тұрғындарды, еңбек ұжымдарын және ұйымдарды біріктіреді.



