Қарағанды облысында Тазару күніне арналған экологиялық акцияға 10 мыңнан астам адам қатысты

Қарағанды облысында Наурызнама онкүндігін аяқтаған Тазару күні аясында өткен экологиялық акцияға 10 мыңнан астам тұрғын қатысты. Өңірде 1,5 мың гектар аумақ тазартылып, шамамен 30 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.
Тазалық күні жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өтті. Қалалар мен аудандарда волонтёрлер, студенттер, еңбек ұжымдары және экоактивистер тазалық, жауапкершілік және қоршаған ортаға ұқыпты қарау идеясы төңірегінде бірікті.

Тазару күніне орай «Тазалық эстафетасы» және TazaLike экофестивальдері, сондай-ақ «Өзіңнен баста» жастар акциясы ұйымдастырылды. Қарағандыда шамамен 3 мың адам Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы скверді тазалауға шықты. Акцияны жергілікті билік өкілдері, сондай-ақ жастар және волонтёрлік ұйымдар қолдады. Қалада бұдан бөлек парктер, скверлер және қоғамдық кеңістіктер тазартылды.

Теміртауда акцияға металлургтер қатысып, қаланың орталық парктері мен алаңдарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Шахтинскіде волонтёрлер қарттарға көмек көрсетуге басымдық берді: «Ардагерім – Ардағым» акциясы аясында жалғыз тұратын зейнеткерлердің аулалары ретке келтірілді.

Өңір бойынша тұрғындар аулалар мен қоғамдық кеңістіктерде белсенді түрде тазалық жұмыстарын жүргізгені атап өтілді. Қосымша ретінде «Чистый двор» экологиялық челленджі іске қосылды — бір ай бойы ең абаттандырылған аула аумақтары анықталатын болады.



