Түркістан тұрғыны қоғамдық көлік қатысқан жол апатынан ауыр жарақат алды

Түркістан қаласының тұрғыны Лаура Досова қоғамдық көлік қатысқан жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр жарақат алды. Жас әйелге бірнеше операция жасалған, қазір ол мүгедектер арбасына таңылған.
Жәбірленушінің айтуынша, оқиғаға қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болған. 3 ақпанда Лаура баласымен бірге автобусқа отырған. Көлік қозғалған кезде жүргізуші есікті жаппаған, соның салдарынан ол баласымен бірге жолға құлаған.
Лаура Досованың оң аяғы екі жерден сынған. Оның айтуынша, денесінің әр жері жарақаттанып, 28 тігіс салынған.
«Оқиғадан кейін жағдайым өте ауыр болды. Дене жарақаттарынан бөлек, қатты моральдық соққы алдым. Бірнеше операция, ауырсыну — мұның бәрі оңайға соқпады. Қазіргі уақытта әлі де ем қабылдап жүрмін», — деді ол.

Оның сөзінше, оқиғадан кейін ешкім келіп, кешірім сұрамаған. Сондай-ақ жас әйелдің жүйке ұштары зақымданған. Қайта аяққа тұруы үшін оған ұзақ ем қажет.
«Қазір өз бетімше қозғалу қиын. Шектеулер жеткілікті. Емімді жалғастырып жатырмын. Денсаулығым үлкен назарды қажет етеді. Бұл жағдай маған және өмір сапама айтарлықтай әсер етті», — деді Лаура Досова.
Қазір оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел әділ тергеу жүргізуді және материалдық әрі моральдық шығынды өтеуді талап етіп отыр. Ал автобус паркі сот шешімін күтетінін және соған сәйкес әрекет ететінін мәлімдеді.


