Алматыдағы өлімге әкелген жол-көлік оқиғасы ерекше бақылауда — Ержан Саденов

🔸 Алматыдағы резонанс тудырған жол-көлік оқиғасы ерекше бақылауда — Ержан Саденов
Ішкі істер министрі Ержан Саденов Алматыдағы өлімге әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдіріп, жағдайдың ерекше бақылауда екенін атап өтті.
Министр жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Бұған дейін хабарланғандай, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті жүргізушіге қатысты сот санкциясымен қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылған. Оның заңның барлық қатаңдығы бойынша жазаланатыны айтылды.
Ержан Саденовтің тапсырмасымен Алматыға Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің қызметкерлері жіберілді. Қазір жан-жақты тексеріс жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, ықтимал заңбұзушылықтар туралы уәждер бойынша да қылмыстық істер қозғалғаны хабарланды. Бірқатар басшылар атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.
Министр барлық жағдайға құқықтық баға берілетінін атап өтіп, ешкімнің жауапкершіліктен құтылмайтынын және заңның бәріне бірдей екенін жазды.


