Өзбекстандық блогер Каспий теңізімен көлікпен жүріп өтіп, 20 АЕК айыппұл алды

Өзбекстандық блогер Илхомжон Йолчиев жол талғамайтын көлікпен Каспий теңізімен жүріп өтіп, айыппұл алды.
Блогер сапардың видеосын Instagram парақшасында жариялаған. Жазба 30 мыңға жуық қаралым жинаған.
Сонымен қатар, Buzyqmedia атты қазақстандық паблик Threads әлеуметтік желісінде Йолчиевтің Бозжыра урочищесі маңында көлікпен Каспий теңізіне толық кірген сәті түсірілген кадрларды жариялады.
Маңғыстау облысының полиция департаменті құқық бұзушының ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы (қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу) бойынша жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Оған 20 АЕК мөлшерінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынған.
Еске салайық, 2025 жылы Ақтаудағы жағажайлардың бірінде Toyota пикабының жүргізушісі жүзу құралын суға түсіру үшін теңізге кірген, алайда көлік құмға батып, тұрып қалған. Ол кезде де ер адамға осы бап бойынша хаттама толтырылғаны хабарланған.


