Пекин мен Лондон Трамптың Ормуз бұғазына әскери-теңіз күштерін жіберу туралы үндеуіне жауап берді

Пекин мен Лондон АҚШ президенті Дональд Трамптың сенбі күні айтқан үндеуіне қатысты пікір білдірді. Трамп Қытай, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және басқа да елдер Ормуз бұғазындағы теңіз жолдарын бұғаттан шығару үшін Таяу Шығысқа әскери-теңіз күштерін жібереді деген үмітін жеткізген.
Телеарна жолдаған сауалдарға жауап ретінде аталған елдердің ешқайсысы бұғазға әскери кемелер жіберетінін нақты растаған жоқ.
Қытайдың Вашингтондағы елшілігінің өкілі Пекин өңірдегі ұрыс-қимылдарды дереу тоқтатуға шақыратынын айтты. Ол сондай-ақ «барлық тараптар тұрақтылық пен энергия тасымалдаушыларының кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етуге жауапты» екенін атап өтті.
«Таяу Шығыс елдерінің шынайы досы әрі стратегиялық серіктесі ретінде Қытай тиісті тараптармен, соның ішінде қақтығыс тараптарымен де, байланыс орнатуды жалғастырады және шиеленісті төмендету мен бейбітшілікті қалпына келтіруде конструктивті рөл атқарады», — делінген қытай дипломатының мәлімдемесінде.
Өз кезегінде Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің өкілі елдің «қазіргі уақытта өңірдегі кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін одақтастары және серіктестерімен бірқатар нұсқаларды талқылап жатқанын» мәлімдеді.
Еске салайық, Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы дерлік тоқтап қалды. Бұл бұғаз — Парсы шығанағы елдерінен әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізудің негізгі бағыты. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бірлескен әскери операциясы басталғанға дейін осы бағыт арқылы жаһандық мұнай саудасының үштен бірі өткен, ал жеткізілімдердің едәуір бөлігі Азия–Тынық мұхиты өңіріне бағытталған.


