Шығыс Қазақстандағы Алтай қаласында бесқабатты үйдің бір подъезі 25 жылдан бері бос тұр: тұрғындар мәселенің шешілуін күтуде

Шығыс Қазақстандағы Алтай қаласында бесқабатты тұрғын үйдің бір подъезі 25 жылдан бері бос тұр. Қаңырап қалған пәтерлер жасөспірімдер мен асоциальды компаниялардың жиналатын орнына айналған.
Үй тұрғыны Вера Шатравконың айтуынша, тұрғындар әр жолы қайғылы жағдай болып кетпей ме деп алаңдайды. Оның сөзінше, бос тұрған пәтерлердің бірінен ер адамның мәйіті де табылған. Тұрғындар жергілікті биліктің мәселені шешуін ұзақ күткенін айтады.
Вера Шатравконың айтуынша, бір кезде терезелер картонмен жабылғанымен, балалар оны жыртып тастаған. Кейін подъездің бір бөлігін, үйдің «үшінші бөлігін» демонтаждаймыз деген ұсыныс та айтылған, алайда тұрғындар бұған қарсы болған, өйткені үй қисайып кетуі мүмкін деп қауіптенген.

Қаңырап тұрған подъезд бүкіл үйдің жағдайына әсер етіп отыр. Жанындағы пәтерлердің қабырғаларын қырау басады, ал жертөле ортақ болғандықтан, оны әр көктем сайын су басады. Су жылу құбырларына да зиян келтіреді.
Үйдің старшысы Вячеслав Гордеевтің айтуынша, жертөледе су тізеге дейін көтеріліп, маусымға дейін тұрып қалады. Оның сөзінше, жылу жүйесінің құбырлары суда қалып, тот басады.

Тұрғындар суды сорғызып, қарды тазалап жүргенімен, мәселені өз күшімен шешу барған сайын қиындап барады. Қаңырап тұрған подъезде 22 пәтер бар және олардың иесі бар.
Үй шамамен он жыл бұрын ұзақ сот дауларынан кейін коммуналдық меншікке берілген. Сол кезде тұрғын үй «бесхозный» деп танылған, алайда қалпына келтіруге бюджеттен қаражат табылмаған. Бұл ретте Алтай ауданында тұрғын үй кезегінде 1300-ден астам адам тұр. Енді мәселенің шешімі жақындауы мүмкін.
Алтай әкімі Сергей Охременконың айтуынша, бүгінде ТКШ бөліміне жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 5 миллион теңге бөлінген. Конкурстық рәсімдер өтіп, жобалаушылар осы үй бойынша жобалау жұмыстарына кіріскен. Жобаны іске асыру құны әзірге нақтыланбағанымен, әкімнің пікірінше, келесі жылы бұл подъезді кезекте тұрғандарға арналған пәтерлер ретінде қалпына келтіру басталуы мүмкін.

Сондай-ақ пәтерлердің жақын маңда салынып жатқан жаңа өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлеріне қажет болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылып жатыр. Ал тұрғындар үшін ең бастысы — ширек ғасырдан бері бос тұрған подъезд бүкіл үйге ортақ проблема болуын тоқтатса болғаны.


