Шығыс Қазақстанда полиция автошколаларды тексеріп, үздік жүргізуші курстарының рейтингін жасамақ

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер жергілікті автошколалардың қызметін тексеріп, жүргізушілерді даярлау курстарының рейтингін жасауды жоспарлап отыр. Тексеру барысында автошкола түлектерінің қатысуымен болған апаттық жағдайлар мен жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) саны есептелмек.
Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және жүргізуші куәлігін алу процесінің заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Өңірлік полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Игорь Клишиннің айтуынша, жол қозғалысы туралы заңға өзгерістер енгізуге арналған заң жобасы әзірленген. Онда автошколаларды қайта тексеруді жаңғырту және оқу ұйымдарының рейтингін енгізу мәселесі қарастырылып отыр.
Клишиннің түсіндіруінше, рейтинг екі критерий бойынша бағаланады:
- Емтихан тапсыру нәтижелері (мысалы, біреулер бірінші реттен, енді біреулер екінші реттен тапсырады);
- Курсанттардың ЖКО-ға қатысуы (аталған ұйымдардың курсанттары жол-көлік оқиғаларына қаншалықты жиі қатысатыны).
Полиция мұндай қатаң шараларды орынды деп санайды, өйткені елдегі жолдағы апаттылық көрсеткіші өсіп келеді. Өткен жылы республика бойынша апат саны 14 пайызға артып, 36 мыңға жеткен.
Сонымен бірге автоэксперттер Өскеменде ЖКО көбіне жолдардың сапасыздығынан болатынын айтады. Олардың пікірінше, автошколаларға бақылауды күшейту апаттылықтың көңіл көншітпейтін статистикасын айтарлықтай түзете қоймауы мүмкін.
Автошколалардың бірінің директоры Евгений Черныш бұл статистиканың күрделі екенін және тек автошколаларға ғана байланысты емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, ЖКО-ның басым бөлігі жолдардың сапасыз күйі немесе дұрыс жабдықталмауы салдарынан болады.
Бұған дейін Қазақстанның Ішкі істер министрлігі автошкола ашуға рұқсат беруді қайта жоспарлап отырғаны хабарланған еді.


