Қарағандыда үш көлік соқтығысып, бес адам зардап шекті

Қарағандыда бірден үш көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан бес адам зардап шекті.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты 5 сәуірге қараған түні «Голубые пруды» шағынауданында болған. Оқиға орнында Cobalt, BMW және Priora көліктері соқтығысқан.
ЖКО нәтижесінде зардап шеккен бес адам медициналық мекемеге жеткізілді. Олардың жағдайы әзірге хабарланған жоқ.
Оқиға орнында тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатыр. Полицейлер болған жағдайдың мән-жайын анықтауда.
Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдық режимін асырмау қажеттігін еске салды.
"Жолда қырағы әрі мұқият болыңыздар. Жолдағы қауіпсіздік әрбір қозғалыс қатысушысына байланысты", — деп үндеу жасады ведомство.
Өңірде соңғы бірнеше күнде жолдардағы бақылау күшейтілді. Қарағанды облысында жүргізушілер арасындағы қауіпсіздік пен тәртіпті арттыруға бағытталған ауқымды профилактикалық рейдтер өтіп жатыр. Рейдтерге учаскелік инспекторлар, патрульдік полиция және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері тартылған.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Қакимовтің айтуынша, негізгі екпін профилактика мен түсіндіру жұмыстарына қойылған. Алайда бір тәуліктің өзінде өңірде жол қозғалысы ережесін бұзудың 800-ден астам дерегі анықталған, оның 70-і — өрескел.
Өрескел бұзушылықтардың қатарында мас күйде көлік жүргізу де бар. Рейд барысында үш мас жүргізуші ұсталған. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінен айырылғаннан кейін қайта көлік жүргізу жағдайлары тіркелген: эпизодтардың бірінде 38 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
"Сонымен қатар, заңсыз тонировканың 22 жағдайы, жүргізуші куәлігінсіз басқарудың 8 фактісі және сақтандыру полисінсіз жүрудің 16 дерегі анықталды. Айыппұл тұрағына 34 автокөлік жеткізілді", — деді Қакимов.
Бұған дейін Талдықорғанда жоғары жылдамдықпен келе жатқан автокөлік екі жасөспірім мінген мопедті қағып кеткені хабарланған. ЖКО Жансүгіров және Балпық би көшелерінің қиылысында болған. Екі зардап шегуші де ауруханаға жатқызылған, олардың жағдайы аса ауыр деп бағаланған.
Талдықорғанда жасөспірімдер қатысқан қорқынышты ЖКО — олардың жағдайы туралы не белгілі


