Қарағанды – Балқаш тасжолында Chevrolet Cobalt көлігі апатқа ұшырап, үш адам қаза тапты

Қарағанды – Балқаш тасжолында Chevrolet Cobalt көлігінің 30 жастағы жүргізушісі және екі жолаушысы жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапты.
Өлімге әкелген апат 18 наурыз күні Астана — Қарағанды — Алматы республикалық автожолының учаскесінде, Балқаш жағынан Қарағанды бағытына қарай, Ақшатау кентінен шамамен 40 шақырым жерде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлік ұзаққа созылған бұрылыста жолдан шығып кетіп, аударылған. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде жарияланды. Видео авторы жүргізуші рөлде ұйықтап кетуі мүмкін екенін болжаған.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты салдарынан жүргізуші мен екі жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, ауа райы мен жол жағдайын ескеруге, сондай-ақ жылдамдықты асырмауға шақырды.
Бұған дейін Қарағанды облысында жеті көлік қатысқан жаппай жол апаты болған. Алдымен Chevrolet Nexia мен Chery Tiggo соқтығысқан. Кейін Chery Tiggo көлігіне Toyota Land Cruiser соғылған. Одан соң жол талғамайтын көлікке жүк көлігі кірген. Кейін соқтығысулар тізбегіне «ҚазАвтоЖол» қызметтік пикабы мен УАЗ Hunter көлігі де түскен. Соқтығысулар нәтижесінде бір адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапқан.


