АҚШ президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдады. Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
Айбек Смадияровтың айтуынша, АҚШ басшысы хатында ақпан айында Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысы аясында Қазақстан Президентімен болған кездесуді ризашылықпен атап өткен.
Сондай-ақ Дональд Трамп келесі Бейбітшілік кеңесінің отырысында және жыл соңында Майамиде өтетін G20 саммитінде Мемлекет басшысын қайта қарсы алуды асыға күтетінін жеткізген.
Ақпан айында Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысына қатысқан. Іс-шара Вашингтондағы Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өткен. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесі алаңында жаңа марапат тағайындауды ұсынған.
Еске салайық, осы жылдың 22 қаңтарында Қасым-Жомарт Тоқаев Давосқа барып, АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсімі өткен.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптан Газа бойынша құрылып жатқан Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырту алған алғашқы тұлғалардың бірі болғаны, ал Қазақстанға мемлекет-құрылтайшылардың бірі болу ұсынылғаны хабарланған.
Давоста Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою рәсіміне Қазақстан Президентімен қатар 18 елдің көшбасшылары мен өкілдері қатысқан.
Вашингтонның тұжырымдамасына сәйкес, Бейбітшілік кеңесі Газаны бейбіт дамыту жөніндегі міндеттемелердің орындалуын стратегиялық қадағалау, халықаралық ресурстарды жұмылдыру және бақылау үшін жауап береді.

Ақ үйдің мәліметінше, құрылтайшы атқарушы кеңеске (founding executive board) жеті адам кіреді. Олар «дипломатия, девелопмент, инфрақұрылым және экономикалық стратегия салаларында тәжірибесі бар көшбасшылар» ретінде сипатталған. Құрылтайшы атқарушы кеңестің әрбір мүшесі «Газаны тұрақтандыру үшін аса маңызды» жеке бағытқа жауап береді.
Сонымен қатар Газа атқарушы кеңесі (Gaza executive board) құрылады. Ол сектордың жаңа үкіметінің қызметін бақылайды. Бұл кеңеске 11 адам енгізілген, олардың ішінде құрылтайшы атқарушы кеңестің төрт мүшесі бар.
Бұған дейін Трамп жаңа бірлестікті «кез келген уақытта және кез келген жерде жиналған ең ұлы әрі ең беделді кеңес» деп атаған.


