Дональд Трамп Иранға «өте күшті соққы» жасалуы мүмкін екенін ескертті

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға «өте күшті соққы» жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол бұл туралы өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында айтты.
Трамптың сөзінше, қазір «ауыр жеңілістерге ұшырап жатқан» Иран Таяу Шығыстағы көршілерінен кешірім сұрап, енді оларға оқ атпайтынын уәде еткен. Оның айтуынша, бұл «АҚШ пен Израильдің тоқтаусыз шабуылдарына байланысты» болған.
Трамп өз жазбасында: «Бұл мыңдаған жыл ішінде Иранның Таяу Шығыстағы көрші елдерден жеңілген алғашқы жағдайы. Олар: “Рақмет, президент Трамп”, — деді. Мен: “Оқасы жоқ!” — деп жауап бердім», — деп келтірді.
АҚШ президенті Иран енді «Таяу Шығыстың бұзақысы» емес, «Таяу Шығыстың сәтсізі» екенін айтып, ел «капитуляция жасамайынша немесе, ықтималырақ, толық күйремейінше» ондаған жыл бойы солай болып қалатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ Трамп: «Бүгін Иранға өте күшті соққы жасалады. Иранның жаман мінез-құлқына байланысты қазір толық жою мүмкіндігі және осы уақытқа дейін нысана ретінде қарастырылмаған аумақтар мен адамдар топтары үшін сөзсіз қаза мәселесі байыпты түрде қарастырылып жатыр», — деп қорқытты.
Бұған дейін, бір күн бұрын, Трамп Иранға қатаң шарттар қойған. Атап айтқанда, ол Иранмен кез келген келісім тек «сөзсіз капитуляция» жағдайында ғана мүмкін екенін айтты. Сонымен бірге Иранның келесі көшбасшысын таңдауға жеке өзі қатысуы тиіс екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Иран астанасында Израиль мен АҚШ-тың әуе соққыларынан кейін Мехрабад халықаралық әуежайы өртенгені хабарланған.


