Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенованың ісі бойынша сот басталды: үйқамақ шарттары мен шектеулер айтылды

**Адвокат Гаухар Айтжанова** блогерлер **Ерболат Жанабылов** пен **Эльмира Толегенованың** үйқамақтағы жағдайы мен оларға қойылған шектеулер туралы мәлімет берді.
Журналистер Айтжановадан қорғауындағы тұлғалардың үйден шығып, сауда-ойын-сауық орталықтарына және кинотеатрларға баруы қаншалықты заңды екенін сұрады. Адвокат мұндай әрекеттер бұлтартпау шарасының шарттарын бұзбайтынын айтты.
"Бұл заңды. Үйқамақ шарттары бойынша тек 22:00-ден 07:00-ге дейін олар үйде болуы керек. Қалған уақытта, олардың кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерсек, әрине, балаларға анасы мен әкесі киноға, СОО-ға, мультфильмге апара алмайтынын түсіндіру мүмкін емес. Сот бұған рұқсат берген. Сондықтан олар еркін шыға алады", — деп түсіндірді Айтжанова.
Адвокат ұялы телефон қолдану мәселесіне де тоқталды.
"Телефондарды олар тұрғылықты мекенжайында пайдалана алады, тек процеске қатысушы тұлғалармен байланысудан басқа", — деді ол.
Гаухар Айтжанованың айтуынша, блогерлерге электронды білезік тағылмаған.
Әлеуметтік желілерге қатысты сұраққа адвокат блогерлердің қазір оларды пайдаланбайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ айыпталушылардың мүлкіне тыйым салынған.
"Иә, барлық мүлік тыйымда", — деді Айтжанова және бұл олардың қазір тұрып жатқан үйіне де қатысты екенін нақтылады.
**Еске салайық:** бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенованың ісі бойынша сот басталды.
Блогерлердің адвокаты сот талқылауын жабық режимде өткізу туралы өтінішхат білдірді, прокурорлар бұған қарсылық танытты. Сот өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартты.
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенова сот отырыстары кезінде журналистердің оларды видеоға түсіріп, фотоға түсіруіне қарсы болды.
"Менің үлкен балам мектепке барады, және балама жеке өмірімізге қатысты орынсыз сұрақтар қояды", — деп түсіндірді Толегенова.
Бұған дейін Жанабыловтардың адвокаты істі прокурорға қайтаруды сұраған.
Блогерлер Жанабыловтар кім
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенова — Қазақстандағы ең танымал блогерлердің бірі. Ерболаттың аккаунтына **8,4 миллион** адам, Эльмираның парақшасына **7,1 миллион** адам жазылған. Олардың жарияланымдары тұрақты түрде миллиондаған қаралым жинайды, ал ұтыс ойындары Instagram-да жиі вирустық сипат алады.
Схема қалай жұмыс істеген
Тергеу нұсқасы бойынша, Instagram-да **15 миллионнан астам** жазылушысы бар ерлі-зайыптылар аудитория сенімін пайдаланып, заңсыз табыс табуға тырысқан. **2025 жылы** олар қымбат жүлделер ұтысына қатысу негізгі ынталандыру болған онлайн-курстарды сату түрінде схема ұйымдастырды деген болжам бар.
Білім беру құндылығы жоқ контент
Тергеу видеоматериалдардың білім беру құндылығы болмағанын анықтаған. Контенттің едәуір бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған және лицензиясыз лотереяны бүркемелеу үшін ғана пайдаланылған.
Жүлде қорының қалыптасуы
Сондай-ақ жүлде қоры жария түрде айтылғандай өз қаражатынан емес, онлайн-курстар үшін төлем ретінде қатысушылардан түскен ақша есебінен қалыптастырылғаны хабарланған.
Ұтыс ойынындағы манипуляциялар
АФМ электронды "сәттілік барабаны" параметрлерінің өзгертілгенін хабарлады. **5 мың теңге** ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылған, ал құны жоғары жүлделерді алу мүмкіндігі айтарлықтай төмендетілген.
"Күдіктілер акцияның қамтуын арттыру және назар аударту мақсатында ең көп репост жасаған қатысушыға 11-ші автокөлікті табыстайтынын жария түрде мәлімдеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған, жүлде берілмеген", — деп атап өтті агенттік.
Жанабыловтар қанша ақша алған
АФМ дерегінше, блогерлер бақылауындағы **Zhana Business** ЖШС шоттарына азаматтардан **247,5 миллион теңге** түскен. Оның **60 миллион теңгесі** депозиттік шоттарға орналастырылған.
Мүлікке тыйым салу және бұлтартпау шарасы
Сот санкциясымен **10 автокөлікке**, оның ішінде **Lamborghini Urus** және **Lexus LX 600** көліктеріне, сондай-ақ **17 iPhone телефонына** тыйым салынған.
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде **үйқамақ** таңдалған.


