Александр Овечкин Вашингтонда қазақтың шапанын киіп көрді

Ұлттық хоккей лигасының (НХЛ) тарихындағы ең үздік бомбардир Александр Овечкин қазақтың шапанын киіп көрді. Бұл туралы әлеуметтік желідегі жазбаларда айтылды.
Аңызға айналған хоккейші қазақы киіммен түскен видео жас хоккейші Абылай Кенесарының аккаунтында жарияланған. Роликтен Қазақстаннан барған отбасының Овечкинді Вашингтонда қарсы алып, оған шапан сыйлағаны байқалады.
Көп жылдан бері "Вашингтон Кэпиталс" сапында ойнап жүрген ресейлік хоккейші шапанды киіп көріп, балалармен бірге естелік фотоға түсті.
Фото астында "Мечта сбылась" деп жазылған.
Әлеуметтік желі қолданушылары пікірлерінде:
- "Классно, мой сын тоже мечтает о том, чтобы встретить этого хоккеиста, потому что тоже хоккеист";
- "Вы что, наш национальный шапан подарили?" — деп жазды.
Еске салайық, Александр Овечкин НХЛ-дің тұрақты маусымдарындағы ең үздік сұрмерген саналады: оның еншісінде 929 гол бар, бұл алдыңғы рекорд иесі Уэйн Гретцкиден 35-ке көп.
Сонымен қатар, егер ресейлік хоккейші тағы бір маусымға қалуды шешсе, тағы бір рекордты жаңартуға мүмкіндігі бар: плей-оффты қоса есептегенде Гретцкиде 1016 гол, ал Овечкин одан небәрі 10 шайбаға қалып отыр.
Қазіргі уақытта Александр келесі маусымға қатысты шешім қабылдамаған.
Сондай-ақ бұған дейін Александр Овечкин НХЛ-дегі мансабын жалғастыру туралы мәлімдеме жасаған.


