Тергеу: Суюншали Мөлдір «Nura Elite» жобасы атынан азаматтардан қаражат тартып, таунхаустарды мерзімінде аяқтамаған

Тергеу мәліметінше, 2021–2024 жылдар аралығында Суюншали Мөлдір өзіне бағынысты компаниялар арқылы азаматтардың ақшасын «Nura Elite» коттедж қалашығын салу деген желеумен тартқан.
Жоба аясында 37 коттедж және 24 таунхаус салу жоспарланған. Алайда қазіргі уақытта таунхаустар аяқталмаған күйде қалып отыр: ғимараттардың тек қаңқалары ғана тұрғызылған. Бұл ретте нысандарды 2023 жылдың 4-тоқсанына дейін аяқтау міндеттемесі болған.
Сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған.
Нәтижесінде 56 адам жәбірленуші деп танылды. Тартылған қаражаттың жалпы сомасы 3,9 млрд теңгені құраған.
Тергеу дерегінше, қаражаттың бір бөлігі — 322 млн теңге — Суюншали Мөлдірдің өз шоттарына, сондай-ақ оның жұбайы мен анасының шоттарына аударылған. Бұдан бөлек, 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сонымен қатар жылжымайтын мүлікті екі рет сату фактісі анықталған. Атап айтқанда, жәбірленуші толық төлеген коттедждердің бірін күдікті жеке міндеттемелері бойынша кепілге пайдаланған. Соның салдарынан нысан үшінші тұлғалардың атына қайта рәсімделіп, кейіннен бірнеше рет қайта сатылған.
Тергеу материалдарында Суюншали Мөлдірдің сатып алушылармен жасасқан шарттары іс жүзінде жер учаскелеріне құқықтарды беруді көздегені, алайда оның оларды иеленуге және билік етуге заңды негізі болмағаны көрсетілген.
Сондай-ақ үлескерлер қаражатының бір бөлігі Астана қаласында «Асылхан» тұрғын үй кешенін салуға арналған жер учаскесін сатып алуға бағытталғаны айтылды.
Бұл ретте құрылысқа рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы Перизат Кайрат атынан БАҚ-та мұқтаж әйелге пәтер берілгені туралы жариялаған. Алайда іс жүзінде тұрғын үй кешенінің құрылысы тіпті басталмаған.
Оған қатысты сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
Тергеу жалғасып жатыр.


