Скотт Мунн Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы болып тағайындалды

Бұрын британдық «Тоттенхэм» футбол клубының директоры болған Скотт Мунн Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) жаңа бас хатшысы болып ресми түрде тағайындалды.
Бұл шешімді ҚФФ атқарушы комитеті бүгін, 27 сәуірде қабылдады.
ҚФФ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл тағайындау қазақстандық футбол тарихында алғаш рет федерация басшылығына Англия Премьер-лигасында жұмыс тәжірибесі бар, сондай-ақ Еуропаның ең беделді клубтық турнирлерінің бірінде жеңіске жету тәжірибесі бар маманның келуімен ерекшеленеді.
Баспасөз қызметі Скотт Муннның алдына қойылған міндеттер ретінде ҚФФ-тің жаңа басшылығы тұсында басталған өзгерістер бағытын жалғастыруды атады. Атап айтқанда:
- төрешілікті реформалау;
- академиялар мен инфрақұрылымды дамыту;
- клубтарды басқару және лицензиялау стандарттарын көтеру;
- тұрақты коммерциялық және медиа базаны қалыптастыру;
- УЕФА және ФИФА-мен ынтымақтастықты тереңдету.
Бұған дейін бұл қызметті Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Давид Лория атқарған.
Скотт Мунн кім?
Скотт Мунн 2023–2025 жылдары лондондық «Тоттенхэмде» футбол жөніндегі директор қызметін атқарды. Осы кезеңде команда Англия Премьер-лигасында сәтті өнер көрсетіп, Еуропа лигасын жеңіп алды және Чемпиондар лигасында тұрақты ойнады.
Англиядағы жұмысына дейін Мунн Қытайдағы City Football Group ұйымын басқарған. Сондай-ақ ол Қытай футбол қауымдастығы жанындағы реформаторлық жұмыс тобы құрамындағы Батыстың жалғыз өкілі болған.
Мунн ең үлкен танымалдылыққа австралиялық «Мельбурн Сити» клубындағы қызметі кезінде ие болды. Ол бұл клубты іс жүзінде қайта құрып, бірнеше бағытта нәтижеге қол жеткізгені айтылды: заманауи жаттығу базасын негіздеп, ірі демеушілерді (оның ішінде Etihad пен Nike) тартқан. Бұл клубтың ұлттық турнирлерде айтарлықтай жетістіктерге жетуіне мүмкіндік берген.
ҚФФ баспасөз қызметі Скотт Муннның сөзін де келтірді:
«Мен Қазақстан футбол федерациясына осындай маңызды кезеңде қосылғаныма қуаныштымын. Президент Омаров белгілеген көзқарас пен федерация атқарған ауқымды жұмыс мені тәнті етті. Елдегі футболдың дамуына үлес қосу үшін клубтық деңгейде де, халықаралық деңгейде де футбол қауымдастығының барлық қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін асыға күтемін».
Бұған дейін ағылшын клубының бұрынғы директоры ҚФФ-та қызмет алуы мүмкін екені де айтылған.


