Эквадордағы әуесқой матч кезінде 48 жастағы төреші Хавьер Ортега атып өлтірілді

Эквадорда әуесқой футбол матчы кезінде белгісіз адам 48 жастағы футбол төрешісі Хавьер Ортеганы атып өлтірді.
БАҚ мәліметінше, провинциялардың бірінде аудандық командалар арасындағы матч өтіп жатқан сәтте алаңға қарулы адамдар жүгіріп шығып, оқ жаудырған.
Куәгерлердің айтуынша, жағдай кенеттен ушығып, төреші ойын жүргізіп тұрған кезде кемінде бір рет оқ жарақатын алған. Жергілікті билік сот-медициналық сараптама жүргізіп, мәйітті әкету үшін оқиға орнына кіруді шектеген.
Оқиғадан кейін матч тоқтатылды, сондай-ақ одан кейін жоспарланған бірнеше ойын да тоқтатылған.
Қылмыскерлердің тұлғасы әзірге анықталған жоқ. Дегенмен жергілікті тұрғындар тергеумен ынтымақтасуға келісіп, полицияға оқиға орнынан бірнеше бейнежазба тапсырғаны айтылды.
Материалда бұл Эквадорда соңғы жылдары футболмен байланысты болған алғашқы кісі өлтіру емес екені де атап өтіледі. Өткен жылдың желтоқсанында Эквадор құрамасының бұрынғы ойыншысы Марио Пинейда Гуаякиль қаласында дүкен маңында белгісіз адамдардың оғынан қаза тапқан. Бұған дейін оқ жарақатынан «Эксапромо Коста» клубының ойыншылары Майкол Валенсия мен Леандро Йепес, сондай-ақ «22 де Хунио» командасының ойыншысы Джонатан Гонсалес көз жұмған.
Сондай-ақ 2024 жылы Алматыда футбол төрешісі Игорь Карповқа әуесқой командалардың бірінің футболшылары ойын кезінде шабуыл жасағаны еске салынды. Кейін шабуылдаушылардың арасында полиция қызметкері болғаны анықталып, ішкі тексерістен соң ол жұмыстан шығарылған.


