Трамп Израиль мен Ливан 16 сәуірден бастап 10 күндік атысты тоқтату туралы келіскенін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Ливан басшылары 10 күндік атысты тоқтату туралы келісімге келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бітім 16 сәуір күні сағат 17:00-де Шығыс уақыты бойынша (Астана уақытымен 17 сәуір 3:00-де) басталады.
Атысты тоқтату туралы келісім Израиль мен Тегеран қолдайтын «Хезболла» қарулы тобы арасындағы қиян-кескі шайқастардан кейін жасалған.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 10 күнге арналған уақытша бітімге келісетінін айтты. Алайда ол израильдік әскерлер Ливанның оңтүстігінде қалатынын атап өтті.
Нетаньяху Израильдің «Хезболланы» қарусыздандыру талабын жалғастыратынын және «Хезболланың» Ливан аумағынан әскерді толық шығару талабымен келіспейтінін мәлімдеді.
Ливан премьер-министрі Наваф Салам Ливанның «соғыстың бірінші күнінен бастап» атысты тоқтатуға ұмтылғанын айтып, Трамптың мәлімдемесін құптады.
«Осы жетістікпен барлық ливандықтарды құттықтай отырып, мен қаза тапқан шейіттердің отбасыларына көңіл айтамын және олармен, жараланғандармен, сондай-ақ өз қалалары мен ауылдарын тастап кетуге мәжбүр болған азаматтармен ынтымақтастығымды білдіремін. Олардың мүмкіндігінше тезірек оралуына шын жүректен үміттенемін», — делінген Саламның мәлімдемесінде.
Иранның сот-медициналық сараптама қызметінің басшысы 28 ақпаннан бері американо-израильдік соққылар басталғалы елде 3300-ден астам адам қаза тапқанын айтты. Оның мәліметінше, Ливанда 2100-ден астам адам, Парсы шығанағы елдерінде 32 адам, Израильде 23 адам қаза болған. Сонымен қатар 13 америкалық әскери қызметкер мерт болып, тағы екі адам ұрыс қимылдарына қатысы жоқ себептерден көз жұмған.


