Алматыда «Қайрат» пен «Ақтөбе» матчы алдында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Алматыда «Қайрат» пен «Ақтөбе» футбол клубтары арасындағы матч алдында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қала полициясы жанкүйерлерге қоғамдық тәртіптің қатаң бақылауда болатынын ескертіп, кез келген бұзушылыққа бірден әрекет ететінін мәлімдеді.
Қазақстандық командалар арасындағы ойын бүгін, 16 наурызда, Орталық стадионда өтеді. Матч Астана уақытымен 19:00-де басталады. Ойынға байланысты құқық қорғау органдары қауіпсіздік шараларын спорт нысанының аумағында да, оған іргелес аудандарда да күшейтті.
Алматы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдулдиновтің айтуынша, матч кезіндегі жағдай тұрақты бақылауда болады.
«Матч күні стадион мен оған іргелес аумақта қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіледі. Полицияның қосымша күштері жұмылдырылады, ал матч өтетін аумақ тұрақты бақылауда болады», — деді ол.
Полиция басшысы екі команданың жанкүйерлерін клубтарын қолдау кезінде мінез-құлық ережелерін бұзбауға шақырды.
«Футбол — бұл эмоция, қолдау және өз командаңа адалдық. Бірақ бәріне ортақ бір ереже бар: заң мен қоғамдық тәртіп кез келген эмоциядан жоғары», — деп атап өтті Айдын Қабдулдинов.
Полиция спорттық іс-шара кезінде кез келген құқыққа қайшы әрекеттердің жедел түрде тоқтатылатынын еске салды.
«Агрессия, арандату, қорлау, балағат сөздер, бұзақылық әрекеттер, сондай-ақ тыйым салынған заттарды қолдану — жол берілмейді. Полицияның әрекеті лезде болады. Тәртіп бұзушылар анықталып, әрбір факт құқықтық баға алады», — деді Алматы ПД басшысы.
Құқық қорғау органдары жанкүйерлерді стадионда тәртіп ережелерін сақтауға және бір-біріне құрмет көрсетуге шақырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Ордабасы» мен «Ақтөбе» жастар командалары арасындағы жолдастық матч жаппай төбелеспен аяқталған. Қақтығысқа қатысушылардың бірі ауруханаға түскен, ал екіншісі қамауға алынған.
Сондай-ақ: «Бізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жоқ — бәрін стадионда шығарамыз». «Ақтөбе» ФК жанкүйерлерінің 13-сектор феномені


