Шымкентте интернет-алаяқтыққа күдікті әйел ұсталды: жоқ iPhone 17 Pro Max сатамын деп ақша алған

Шымкентте интернет-алаяқтықтың бірнеше дерегіне күдікті әйел ұсталды. Ол интернетте жоқ iPhone 17 Pro Max смартфондарын төмен бағамен сататыны туралы хабарландырулар жариялап, сенген азаматтардан ақша алған.
Полиция мәліметінше, күдікті танымал қосымшада қымбат смартфондарды күмән тудыратындай арзан бағамен ұсынған. Атап айтқанда, ол iPhone 17 Pro Max құрылғысын бар болғаны 45 мың теңгеге сататынын көрсеткен, бұл нарықтағы құнынан едәуір төмен.
Шымкент тұрғыны ұсынысқа қызығып, сатушымен байланысқа шыққаннан кейін көрсетілген соманы аударған. Алайда ақша түскен соң әйел байланысқа шықпай қойған, ал сатып алушы тауарды алмаған.
Қазіргі уақытта күдіктінің Шымкент аумағында кемінде төрт ұқсас алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталған. Барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында WhatsApp арқылы жүздеген қазақстандықты алдаған ерлі-зайыптыларға үкім шыққан. Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы желтоқсаннан бастап олар алдын ала сөз байласу арқылы ыдыс-аяқ және үйге арналған өзге де тауарларды төмен бағамен сататыны жөнінде хабарландырулар орналастырған.


