Алматыда Наурызға орай «Домбыра үні» атты ең ірі балалар флэшмобы өтіп, жаңа ұлттық рекорд тіркелді

Алматыда Almaty Arena алаңында Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған ең ірі балалар флэшмобы — «Домбыра үні» өтті. Флэшмобқа 11 мың мектеп оқушысы қатысып, бұл көрсеткіш жаңа ұлттық рекорд ретінде тіркелді.

Қаладағы 200-ден астам мектептен келген жас музыканттар біртұтас попурри орындады. Бағдарламаға Төлеген Мұхамеджанов, Алтынбек Қоразбаев шығармалары, Нұрғиса Тілендиевтің күйлері және Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйі заманауи өңдеуде енгізілді.
Орындау 4 минут 38 секундқа созылды және Қазақстан рекордтар кітабы (КИнЭС) өкілдерінің бақылауымен өтті. Олар жетістікті ресми түрде тіркеді. Бұған дейінгі рекордтардан айырмашылығы, қатысушылар бір ғана күйді емес, күрделі музыкалық композицияны орындады.
Іс-шараны Алматы қаласының Білім басқармасы қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Дайындық жұмыстары бірнеше апта бойы жүргізіліп, оған шамамен 1000 педагог қатысты.
Флэшмоб ел тарихындағы ең ауқымдысы ретінде аталып, ұрпақтар сабақтастығының символы әрі жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығын көрсеткен шара болды.
@edu.almaty


