Жамбыл облысында WhatsApp арқылы жүздеген адамды алдаған ерлі-зайыптыға үкім шықты

Жамбыл облысында WhatsApp арқылы жүздеген қазақстандықты алдады деп айыпталған ерлі-зайыптыға сот үкімі шығарылды.
Алаяқтық схемасы Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы желтоқсаннан бастап ерлі-зайыпты алдын ала сөз байласу арқылы WhatsApp мессенджерінде ыдыс-аяқ және үйге арналған басқа да тауарларды төмендетілген бағамен сататыны туралы хабарландырулар жариялаған.
Алғашқы сатып алушыларға тауар жеткізіліп, осылайша сенім қалыптастырылған. Алайда кейінгі тапсырыстар орындау ниетінсіз қабылданып, алынған қаражат айыпталушылардың өз қалауы бойынша жұмсалған.
Ерлі-зайыптының әрекетінен 112 адам зардап шеккен. Материалдық шығын 51 288 146 теңгені құрады.
Сот үкімі Сот талқылауы барысында айыпталушылар кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген.
Сот үкімімен ер адам 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, ал жұбайы 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін Маңғыстау облысында 24 жастағы жігіт өзге адамдардың атына онлайн-кредит рәсімдеу арқылы бірқатар алаяқтық жасағаны айтылған. Ол фотосессия және биометриялық сәйкестендіруден өту сылтауымен жәбірленушілердің телефондарына қол жеткізіп, олардың атына кредит рәсімдеген.


