Өскеменде ШҚО әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омар 6 жылға сотталды

Өскеменде сот Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім шығарды. Ол алаяқтық және пара алу баптары бойынша кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілей отырып 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот мәліметінше, істердің бірі Омардың Өскемен әкімі болып жұмыс істеген кезеңімен байланысты. Сол кезде қала тұрғынының өтініші бойынша қалалық кәсіпорыннан материалдық көмек ретінде автокөлік алу туралы өтініш рәсімделген. Ер адам 2021 жылғы Toyota Camry алған, алайда кейін өз сөзінше, көлікті әкімдік ғимаратына әкеліп, кілтін тапсырып, содан кейін оны қайта көрмеген.
Кейін автокөлік үшінші тұлғаның атына қайта рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа модельге айырбасталған. Тергеу нұсқасы бойынша, жаңа көлікті шенеунік пайдаланған. Келтірілген шығын шамамен 13 млн теңге деп бағаланған. Кейін жәбірленуші ақшасы өтелгенін айтып, шағымы жоқ екенін мәлімдеген.
Екінші эпизод биыл болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, шенеунік қалалық әкімдік қызметкерінен «жалпы қамқорлық» үшін 20 млн теңге сұраған. Қызметкер КНБ-ға жүгінген. Осыдан кейін арнайы қызметтердің бақылауымен тағы бір кездесу өтіп, ақшаны бөліп беру туралы келісілген. Сол күні делдал арқылы шенеунікке 6 млн теңге берілген.
Сот барысында Омар өкініш білдіріп, өзін түрмеге қамаудың орнына айыппұл тағайындауды сұраған. Оның айтуынша, айыппұлды төлеу үшін қарызға кіруге де дайын болған. Алайда сот басқа шешім қабылдады.
Жақсылық Омар бұған дейін Өскеменді басқарған және қала тұрғындарының сынына жиі ұшыраған. ❗


