Өскемен соты ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады

Өскеменнің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды.
Ол аса ірі мөлшердегі алаяқтық және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша айыпталған. 31 наурызда сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптау тарапы сотталушыға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
3 сәуірде сот үкімді жариялады. Сот Жақсылық Омарды кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу (Toyota Camry автокөлігі – еск.), мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыру, сондай-ақ жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу түріндегі жаза тағайындады.
Сот айыппұл түріндегі балама жазаны қолдануға негіз таппаған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жақсылық Омарға екі бап бойынша айып тағылғаны атап өтілді: «Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адам жасаған аса ірі мөлшердегі алаяқтық» және «Лауазымды адамның аса ірі мөлшерде пара алуы».
Бұған дейін сотта прокурор айыптауды екі эпизод бойынша оқыған. Бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен әкімі болып жұмыс істеген кезеңімен байланысты.
Тергеу нұсқасына сәйкес, жәбірленуші деп танылған адам өтініш бойынша қалалық кәсіпорындардың бірінен материалдық көмек ретінде автокөлік алуға өтініш рәсімдеген. Нәтижесінде ол Toyota Camry 75 (2021 жылғы шығарылым) автокөлігін алған. Кейін оның айтуынша, көлікті әкімдік ғимаратына жеткізіп, кілтін тапсырғаннан кейін оны қайта көрмеген.
Кейін автокөлік үшінші тұлғаның атына қайта рәсімделіп, одан соң trade-in бағдарламасы арқылы жаңарақ модельге айырбасталған. Тергеу дерегінше, сол көлікті айыпталушы пайдаланған.
Жәбірленушіге келтірілген шығын 13 миллион теңге деп бағаланған. Осыған байланысты Жақсылық Омарға ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары бойынша айып тағылған. Алайда сотта жәбірленуші шығынның өтелгенін және талап-арызы жоқ екенін мәлімдеген.
Екінші эпизод ақпан айының басында болған. Іс материалдарына сәйкес, Жақсылық Омар қалалық әкімдік қызметкерлерінің бірімен кездескен кезде одан 20 миллион теңге әкелуін айтқан. Айыпталушының сөзінше, бұл талаптан гөрі өтінішке көбірек ұқсас болған. Дегенмен айыптау тарапы мұны жалпы қамқорлық көрсеткені үшін пара алу ретінде саралаған.
Әкімдік қызметкері мұндай әрекеттердің заңсыз болуы мүмкін екенін болжап, КНБ-ға жүгінген. Арнайы қызметтердің бақылауымен ол Жақсылық Омармен қайта кездесіп, соманы бөліп төлеуді ұсынған, ол келісім берген. Сол күні үшінші тұлға арқылы күдіктіге 6 миллион теңге қолма-қол берілген.
Сот отырысы барысында сотталушы Жақсылық Омар шын жүректен өкінетінін және СИЗО-да болған уақытында болған жағдайды қайта ой елегінен өткізгенін айтқан. Жарыссөз кезінде соңғы сөзінде ол соттан бас бостандығынан айырмауды, жаза ретінде айыппұл тағайындауды сұраған.
"У меня было достаточно времени всё обдумать. Ещё тяжелее осознавать, что ничего не вернуть. Я не хочу быть обузой для государства, а хочу внести свой вклад. Я залезу в долги, но штраф выплачу. Надеюсь на ваше понимание", — сказал Жаксылык Омар в своём последнем слове суду.
Еске салайық, 2026 жылғы 13 ақпанда желіде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болған. Сол кезде ШҚО әкімдігінде бұл туралы мәлімет жоқ екені айтылған. Сондай-ақ «әкім орынбасары денсаулық жағдайына байланысты уақытша демалыс алғаны» хабарланған.
Жақсылық Омар туралы не белгілі
Жақсылық Омар 1980 жылғы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданының Үшарал ауылында туған.
2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «география» мамандығы бойынша, 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін «жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолы
- 2001-2005 жылдары — Мәдениет және ақпарат министрлігінде жетекші және бас маман.
- 2005-2007 жылдары — Қаржы министрлігінде маман.
- 2007-2009 жылдары — «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ақпараттық және талдамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары, кейін «Арна медиа» холдингінің бас менеджері.
- 2009-2010 жылдары — Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі.
- 2010-2011 жылдары — ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы.
- 2011-2013 жылдары — ШҚО мәдениет басқармасының басшысы.
- 2013-2016 жылдары — Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.
- 2016-2018 жылдары — Алматы облысы әкімінің орынбасары.
- 2018-2024 жылдары — Өскемен қаласының әкімі.
- 2024 жылдан 2025 жылғы 4 сәуірге дейін — ШҚО әкімінің кеңесшісі.
- 2025 жылғы 7 сәуірден бастап — Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарады.


