Өскеменде ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот талқылауы басталады

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот талқылауы басталады.
Не болды «Сот кабинеті» деректеріне сәйкес, шенеунікке Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылып отыр:
- 190-баптың 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары — «мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамның ірі мөлшерде жасаған алаяқтығы»;
- 366-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы — «лауазымды адамның ірі мөлшерде пара алуы».
Қазіргі уақытта Жақсылық Омар қамауда отыр. Сот талқылауы 19 наурызда ашық режимде, қысқартылған өндіріс тәртібімен өтеді деп күтіледі.
Жақсылық Омардың ұсталуына қатысты не белгілі 13 ақпанда желіде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Сол кезде өңірлік әкімдікте бұл туралы мәлімет жоқ екенін айтқан. Әкімдікте сондай-ақ «әкім орынбасары денсаулық жағдайына байланысты уақытша демалыс алғанын» хабарлаған.
Редакция тілшісі шенеунікпен байланысуға тырысқанымен, ол қоңырауларға жауап бермеген.
ҰҚК не деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінде шенеунікке қатысты тергеу басталғаны хабарланған:
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды», – делінген ведомствоның ресми сұрауға берген жауабында.
Алайда сол кезде ҰҚК айыптаудың нақты мәнін де, тергеу Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша жүргізіліп жатқанын да ашып көрсетпеген.
Айта кетейік, 11 ақпанда Жақсылық Омардың Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланым шыққан. Онда өңірдің әлеуметтік саласының өткен жылғы жұмысы қорытындыланған жұмыс кеңесі және 2026 жылға арналған жоспарлар талқыланғаны жазылған. Жалпы, шенеунік әлеуметтік желілерді белсенді жүргізіп, жазылушыларын жұмысы туралы тұрақты түрде хабардар етіп отырған.
Жақсылық Омар туралы Жақсылық Омар 1980 жылғы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданының Үшарал ауылында туған.
Ол:
- 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «география» мамандығы бойынша;
- 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін «жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2018 жылы Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономикалық ғылымдар магистрі дәрежесін алған.


