ШҚО прокуратурасы Жақсылық Омарға шыққан үкімге пікір білдірді

Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты шығарылған үкімге пікір білдірді.
Не болды Бұған дейін Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық істі қараған. Ол ірі көлемдегі алаяқтық және ірі көлемдегі пара алу бойынша айыпталған.
3 сәуірде сот үкімді жариялады. Жақсылық Омар кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ мүлкі тәркіленіп (Toyota Camry автокөлігі — прим.), мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Жаза орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеледі.
Прокуратураның түсіндірмесі ШҚО прокуратурасының мәліметінше, Жақсылық Омардың әрекеттері сыбайлас жемқорлық қылмыстары санатына жатады және мемлекеттік қызметтің негіздеріне, сондай-ақ қоғамның сеніміне нұқсан келтіреді. Айыптау тарапы істі қысқартылған тәртіппен қарау ескеріліп, заңда көзделген ең жоғары жазаны сұраған.
Прокуратурада қолданыстағы қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандарға амнистия актілері мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату нормалары қолданылмайтыны айтылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жақсылық Омар туралы не белгілі Жақсылық Омар 1980 жылғы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында туған.
Ол 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «география» мамандығы бойынша, 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін «жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2018 жылы Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.


