Қостанайда үлескерлерден 160 миллион теңгеден астам қаржы тартқан құрылыс компаниясы директорына үкім шықты

Қостанайда үлескерлерден 160 миллион теңгеден астам қаржы «тапқан» құрылыс салушыға қатысты іс бойынша үкім шығарылды.
Алданған үлескерлерге қатысты резонансты істі Қостанай қаласының №2 соты қарады. Айыпталушылар орнында ТОО Bolashak Construction Company KZ директоры болды.
Іс материалдарына сәйкес, компания тұрғын үй кешені «Семья» құрамындағы үшінші үйдің құрылысына қажетті рұқсаты болмай тұрып, үлескерлердің қаражатын тартқан. Қостанайлықтар болашақ баспанаға қаржы салғанымен, қоныстой иесі атанбаған.
Тергеу нұсқасы бойынша, құрылыс салушының әрекетінен 28 адам және бір кәсіпкер зардап шеккен. Белгілі болғандай, үлескерлерге келтірілген шығын өтелген, алайда бұл іс сотқа берілгеннен кейін ғана жасалған.
Айыпталушы ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша — «алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен жасалған алаяқтық» — сотқа тартылды.
Сот істі қарап, айыпталушыға бастапқыда 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда Конституцияның 30 жылдығына байланысты амнистия қолданылып, жаза мерзімі қысқартылды.
Сот үкімінде: «Түпкілікті 5 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру, құрылыс саласында қызмет жүзеге асыратын коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру. Тағайындалған жазаны шартты деп есептеу. Бүкіл мерзімге пробациялық бақылау белгілеу» деп жарияланды.
Тергеу дерегіне сәйкес, 2022 жылдан 2024 жылға дейін күдікті рұқсат құжаттары болмай тұрып, азаматтардың қаражатын «Семья» тұрғын үй кешенінің үлестік құрылысына қатысу деген желеумен тартқан.

Азаматтармен пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайларды алдын ала сатып алу-сату туралы шарттар жасалған. Жобаның заңдылығы бардай әсер қалыптастыру үшін күдікті әлеуметтік желілерде жарнамалық науқан жүргізіп, сондай-ақ Қостанайда кеңселерді жалға алған.
Бұған дейін тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысы аяқталмағаны хабарланған.



