Молдова парламенті елдің ТМД-дан шығуын қолдап дауыс берді

Молдова парламенті елдің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан (ТМД) шығуын қолдап дауыс берді.
Атап айтқанда, Молдова Минскіде 1991 жылғы 8 желтоқсанда қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімнен шығатынын және Минскіде 1993 жылғы 22 қаңтарда қабылданған ТМД Жарғысын денонсациялайтынын мәлімдеді.
Жобаларға қоса берілген түсіндірме жазбада ТМД құру туралы келісімде бекітілген аумақтық тұтастықты құрметтеу және шекаралардың мызғымастығы қағидаты Ресей тарапынан сақталмайтыны айтылған. Құжатта Ресей бұл қағидатты «Грузияға қарсы агрессия актілері, Украинаға қарсы соғыс, осы елдердің аумақтарын оккупациялау және аннексиялау, сондай-ақ Ресей әскерлерін Молдова Республикасының аумағында заңсыз орналастыру» арқылы бұзғаны және бұзуды жалғастырып отырғаны көрсетілген.


