Қазақстанда Шу–Сарысу және Солтүстік Торғай бассейндерінде сейсмобарлау жүргізу жоспарланып отыр

Қазақстанда аз зерттелген, бірақ мұнай мен газ қоры тұрғысынан перспективалы шөгінді бассейндер аумағында геологиялық жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нагаспаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, әңгіме елдің оңтүстік-шығыс және солтүстік өңірлері туралы болып отыр.
"Шу–Сарысу және Солтүстік Торғай аз зерттелген шөгінді бассейндері шегінде сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Алынған нәтижелер егжей-тегжейлі іздеу және барлау жұмыстарын қоюға негіз болады", – деді Ерсайын Нагаспаев Астанада өткен геологиялық форумда.
Анықтама: Шу–Сарысу бассейні — Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен орталығындағы ірі шөгінді және су шаруашылығы өңірі, Шу және Сарысу өзендерінің аңғарларын қамтиды. Перспективалы мұнай-газды аудан, мыс кен орны және жерасты суларының ең ірі артезиан бассейні ретінде белгілі.
Министрдің сөзінше, Қазақстанда шамамен 10 мың кен орны есепке алынған. Олардың ішінде:
- 1 мыңнан астам қатты пайдалы қазбалар кен орындары;
- 359 көмірсутек кен орындары;
- 3 700-ден астам кең таралған пайдалы қазбалар нысандары;
- шамамен 4 900 жерасты су көздері бар.
Анықтама: Солтүстік Торғай шөгінді бассейні — Қостанай облысының солтүстігіндегі перспективалы, бірақ аз зерттелген мұнай-газды аймақ.
Қазіргі таңда Қазақстанда мұнай негізінен елдің батысында өндіріледі, онда ең ірі кен орындары мен негізгі инфрақұрылым шоғырланған. Негізгі мұнай өндіретін өңірлер — Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары. Қызылорда облысында да өндіріс көлемі аз мөлшерде бар.
Бұған дейін үкіметте 2025 жылы кешенді геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге резервтен 40,7 миллиард теңге бөлінгені хабарланған.
Сондай-ақ Шу–Сарысу және Солтүстік Торғай шөгінді бассейндері аумағындағы геологиялық зерттелу деңгейі мұнай-газдылық пен көмірсутектердің ресурстық әлеуетін сенімді бағалауға жеткіліксіз екені айтылды. Осыған байланысты бұл аумақтарда сейсмобарлау жұмыстары бойынша 6 жоба іске асырылатыны көрсетілді.
Ақпанда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінде Қазақстанның тағы бір өңірінде — Қостанай облысында мұнай іздеу жоспарланып отырғаны хабарланды. Жұмыстар биыл басталып, үш жылдан кейін аяқталады.


