«Артемида-2» миссиясының төрт астронавты Айды айналып ұшуға бет алды

«Артемида-2» миссиясының төрт астронавты Айды айналып өтетін сапарға аттанды. Бұл шешім «Орион» ғарыш кемесінің Ай орбитасына шығуға арналған маневрді сәтті орындауынан кейін қабылданды.
Жоспарға сәйкес, АҚШ-тың Шығыс жағалауы уақытымен шамамен 19:49-да (Астана уақытымен 03:49) «Орион» қозғалтқыштары іске қосылып, транслундық инжекциялық импульс берді, яғни кеме үдеу алды.
Қозғалтқыштар шамамен алты минут жұмыс істеп, соның нәтижесінде кеме Жер орбитасынан шыға бастады. Бұл миссияның негізгі кезеңдерінің бірі саналады, өйткені осыдан кейін кемені Жерге кері бұру өте қиын.
Экипаждың бағыт алғаннан кейінгі алғашқы сөздерінің бірінде Канаданың ғарыш агенттігінің астронавты Джереми Хансен: «Адамзат тағы да біздің неге қабілетті екенімізді көрсетті, және дәл сіздердің болашаққа деген үміттеріңіз бізді қазір Айды айналып өтетін осы сапарға бастап келеді», — деді.
Астронавт Кристина Кох: «Осы маневр арқылы Айға бет алғанда біз Жерден кетіп жатқан жоқпыз. Біз мұны өзіміз таңдаймыз», — деді.
Бұл жолы астронавтар Жерден бұрын-соңды ешбір адам алыстамаған қашықтыққа дейін ұшып, «Аполлон» бағдарламасының қашықтық рекордын жаңартуы мүмкін.
Еске салайық, «Орион» ғарыш кемесінің бортында төрт астронавты бар Artemis II («Артемида-2») пилотталған Ай миссиясы Флоридадағы Канаверал мүйісінен 1 сәуірде (Астана уақытымен 2 сәуірде) сәтті ұшырылды.
«Орион» экипажының құрамында Рид Уайзман, Джереми Хансен, Кристина Кох және Виктор Гловер бар. Гловер Ай миссиясына қатысқан алғашқы афроамерикалық, ал Кох — Ай миссиясына қатысқан алғашқы әйел-астронавт атанды. Оларға 10 күн ішінде Айды айналып ұшып, Жерге оралу міндеті тұр.


