Астанада Токио мен Сеул үлгісіндегі екі деңгейлі жолдар жобасы әзірлік кезеңінде

Астанада Токио мен Сеул сияқты мегаполистердің тәжірибесіне сүйене отырып, екі деңгейлі жолдар жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Дегенмен, құрылысқа әлі ерте: қазіргі кезеңде жобалауға дайындық жүргізілуде.
Жоба идеясы: әкімдікте не айтылды Өткен жылдың желтоқсанында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Астанада әлемнің ең ірі мегаполистері үлгісіндегі екі деңгейлі жылдам жолдар салуды бастауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қаладағы көлік жүктемесін азайтудың негізгі шешімдерінің бірі — көп деңгейлі транзиттік магистральдар салу.
Қала басшысы мұндай жылдам дәліздер «Сеул, Мәскеу, Токио, Бейжің, Бангкок және Париж» сияқты мегаполистерде «сәтті іске асырылғанын» атап өтті. Қалалық биліктің бағалауынша, екі деңгейлі жолдарды енгізу елордадағы кептелісті 30–40 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.
Бастапқы деректер жиналып жатыр Қаланың Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы қазіргі уақытта жобалауды бастау үшін қажет бастапқы деректерді жинау жүріп жатқанын нақтылады.
«Қазіргі уақытта техникалық шарттарды нақтылау, қолданыстағы инфрақұрылымды талдау, сондай-ақ бастапқы-рұқсат құжаттамасын жинау және өңдеуді қамтитын кешенді дайындық жұмыстары жүргізілуде», — делінген басқарманың ресми сұрауға берген жауабында.
Бұл кезең аяқталғаннан кейін мамандар жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге көшеді.
Жобаның қандай болатыны әзірге белгісіз Болашақ жолдардың сипаттамалары — эстакада ма, әлде тоннель ме — әзірге анықталмаған. Мұндай шешімдер тек инженерлік ізденістерден кейін қабылданады.
«Жобалау жұмыстары аясында эстакадалар, тоннельдер және өзге де көлік құрылыстарын қоса алғанда, тиісті көп деңгейлі шешімдерді салу қажеттілігі туындайтын учаскелер анықталады», — деп атап өтті басқарма.
Соңғы параметрлер көлік жүктемесіне, қала құрылысы жағдайларына және қауіпсіздік талаптарына байланысты болады. Жобаның алдын ала құны да әзірге белгісіз.
«Құнды бағалау жобалау-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейінгі кезеңдерде жүзеге асырылады», — деп түсіндірді ведомство.
Жаңа жолдар және жақын жылдарға жоспар Алдағы 1–2 жылда елордада үш жаңа жол салу жоспарланған:
- Конгресс-орталыққа баратын жол;
- МГИМО филиалына баратын жол;
- Асан Қайғы көшесі.
Сонымен қатар, қолданыстағы магистральдарды қайта жаңғырту немесе кеңейту қазіргі жоспарларда қарастырылмаған.
Кептеліске қарсы қандай шаралар қарастырылған Жергілікті билік тек құрылысқа емес, ұйымдастырушылық шараларға да басымдық беріп отыр. Елордада интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жалғасуда.
2026 жылы:
- 79 бағдаршам нысанында бейімделмелі реттеуді енгізу,
- тағы 18 нысанды жаңғырту жоспарланған.
«Көлік жүктемесі деңгейін төмендетуге бағытталған ұйымдастырушылық, технологиялық және көліктік іс-шаралардың кешені іске асырылуда», — деп хабарлады басқарма.
Аталған шаралардың қатарында қоғамдық көлікті дамыту, бағдаршамдардың жұмысын оңтайландыру, мемлекеттік органдардың жұмыс кестесін өзгерту, сондай-ақ жол инфрақұрылымына қатысты нүктелік өзгерістер бар.
Осылайша, Астанада жолдарды жеңілдетуге бағытталған ең ауқымды жобалардың бірі әзірге дайындық кезеңінде қалып отыр: нақты мерзімдері, құны және іске асырудың түпкілікті форматы әлі айқындалмаған.


